Accessibility links

ҰҚК ұшағы үшін сотталған диспетчер жазасы қысқарды


«Қазаэронавигация» мекемесінің диспетчері Қанат Ақылбеков сот залында отыр. Шымкент, 27 маусым 2014 жыл.

«Қазаэронавигация» мекемесінің диспетчері Қанат Ақылбеков сот залында отыр. Шымкент, 27 маусым 2014 жыл.

27 маусым күні Шымкентте өткен апелляциялық сотта ҰҚК Шекара қызметінің АН-72 ұшағының апатына айыпты деп танылып, алты жылға сотталған «Қазаэронавигация» мекемесінің диспетчері Қанат Ақылбековке тағайындалған жаза қысқартылды. Енді сотталушы қоныстандыру колониясында төрт жылын өткізеді.

Қазақстандық жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, сотталушының адвокаты Ардақ Балпықов өзі қорғап жатқан азаматты айыпсыз санайды. Ол апелляциялық арызды Қанат Ақылбековті айыптайтын үкімді жойып, толық ақтауға бергенін айтып, сот үкіміне кассациялық шағым түсіретінін мәлімдеген.

Адвокат авиация сарапшыларының "Апатқа диспетчердің қатысы жоқ. Ақау - ұшақтан" деген қорытындысына сүйенеді. Ал жәбірленуші тараптың өкілдері "Ұшқыш тәжірибелі. Оған диспетчер қате ақпарат берген" дейді.

Қанат Ақылбековті сәуірдің 28-і күні Шымкент қаласы Абай аудандық сотының судьясы Саидбаттал Тоқбергенов қылмыстық кодекстің «абайсызда екі, не одан да көп адамның өліміне соқтырған әуе көлiгi қозғалысы қауiпсiздiгi ережелерiн бұзу» бабы бойынша айыпты деп танып, алты жылға бас бостандығынан айырған еді.

2012 жылы 25 желтоқсанда Шымкент маңында шекара қызметінің «Ан-72» әскери ұшағы апатқа ұшырап, бортындағы 27 адамның бәрі қаза тапты. Олардың 20-сы – әскери қызметкер, жетеуі – экипаж мүшелері болатын. Қаза тапқандардың арасында Қазақстан шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Стамбеков те болған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG