Accessibility links

Астанада мемлекет қажетіне жер алуды тексеруді сұрады


Жерлерін мемлекет қажетіне алуға қарсы тұрғындар. Астана, 28 маусым 2014 жыл.

Жерлерін мемлекет қажетіне алуға қарсы тұрғындар. Астана, 28 маусым 2014 жыл.

Астананың 20-дан астам тұрғыны 28 маусым күні жерлерін мемлекет қажетіне алуға және сол жерде тұрған үйлерін бұзуға қарсы митинг өткізді.

Бұл - мемлекет қажетіне алынып жатқан жерлерін даулаушы азаматтардың билік рұқсат еткен төртінші акциясы. Митингіге келген азаматтар президенттік "Нұр Отан" партиясының жанынан мемлекет қажетіне жер алудың қалау жүргізіліп жатқанын тексеретін арнайы комиссия құруды сұрады.

Митингіге келген тұрғынның бірі Ольга Рубахова "бейбіт шеру өткізбек болғандарын, бірақ Астана әкімдігі қаланың шетіндегі арнайы орында митинг өткізуге ғана рұқсат бергенін" айтты.

- "Нұр Отан" партиясы мен жемқорлықпен күрес комитеті жанынан комиссия құрып, мемлекетке қажет деген желеумен жер алу фактілерін тексеруді сұраймыз, - дейді Ольга Рубахова.

Наразылардың айтуынша, билікке айтқан шағымдарынан ешқандай нәтиже шықпаған, енді олардың Астана қаласы аумағына қосылған бұрынғы саяжай территориясындағы жерлерін мемлекет қажетіне алып, үйлерін күреп тастамақ. Наразылар "жер телімдері тым арзан бағаланады және ол мемлекет қажетіне емес, басқа адамдардың қажетіне алынып жатыр" дейді.

Сәуір айында Астана қаласы тұрғын үй басқармасы 2014 жылы қаладағы 17 мыңға жуық саяжайдың биыл 741-і бұзылатынын мәлімдеді. Астана әкімдігі деректері бойынша 2011-2013 жылдары «мемлекет қажетіне» алынған 1 мың 800 бау-бақшаның 1 мың 300 жер телімінде үй-жайлар бар. Жердің арзанға бағалану себебі - олар тұрғын үй құрылысына арналмаған, бақшалық учаскелер.

Қала әкімдігінің айтуынша, бұл жер телімдері коммерциялық мақсатпен емес, «мемлекет қажетіне» ғана алынады. Билік олардың орнына «жаңа ғимараттар, жолдар, парктер мен мәдени-әлеуметтік және тұрмыстық объектілер салынады» дейді.

XS
SM
MD
LG