Accessibility links

"Антигептил" белсенділері наразылық акциясын өткізді


"Антигептил" қозғалысының белсенділері Ресей елшілігінің алдында тұр. Астана, 2 шілде 2014 жыл.

"Антигептил" қозғалысының белсенділері Ресей елшілігінің алдында тұр. Астана, 2 шілде 2014 жыл.

Астанада 2 шілдеде "Антигептил" қозғалысының оннан астам мүшесі Ресей елшілігінің алдында Байқоңыр ғарыш айлағынан улы гептил отыны қолданылатын ресейлік "Протон" зымыран тасығышын ұшырмауды талап етіп, акция өткізді.

Белсенділер 120 адам қол қойды делінген "Протон" ұшырмауды талап еткен хатты Ресей елшілігінің қызметкеріне тапсырған.

Бүгін ресейлік "Протон" зымыран тасығышының Байқоңырдан ұшырыла бере апатқа ұшырағанына бір жыл толады. Белсенділер апаттан төгілген гептил отынынан зардап шеккендерге арнап дұға оқыды. Дұғада белсенділер өткен айда онкологиялық аурудан қайтыс болды делінген "Роскосмостың" бұрынғы басшысы Владимир Поповкиннің де атын атады.

"Антигептил" өкілдерінің пікірінше, "Протон" апатқа ұшыраған соң бірден Байқоңырға барған Поповкин "гептилден уланған".

Белсенділердің акциясы жарты сағатқа жуық уақытқа созылды. Акцияны полицейлер сырттай бақылап тұрды, бірақ кедергі келтірген жоқ.

2013 жылы 2 шілдеде ресейлік үш «Глонасс» спутнигі тиелген «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшырап, жарылып кеткен еді. Апат орнындағы зиянды заттардың шектік концентрациясы туралы екі елдің ақпараты екі түрлі болған. Қазақстандық мамандардың бағалауынша ол 660-тан 330-ға дейін, ал ресейлік мамандардың есептеуінше 130-дан 10-ға дейін төмендеген.

Апаттан кейінгі айларда қазақстандық белсенділер Ресейдің Байқоңырдан гептил қолданатын зымырандар ұшырмауын талап еткен бірнеше акция өткізді. Көп ұзамай 2013 жылғы шілде айында астаналық бір топ эколог пен белсенді "Антигептил" қозғалысының құрылғанын жариялаған.

XS
SM
MD
LG