Accessibility links

Мухортова қайта психиатрия ауруханасына жатқызылды


Адвокат Зинаида Мухортова
Адвокат Зинаида Мухортова

Адвокат Зинаида Мухортованы 2 шілде күні Балқаш қаласындағы психиатрия диспансеріне күштеп жатқызылды. Оның туысы Екатерина Мухортованың Азаттыққа хабарлауынша, таңертең "энергетика компаниясының өкіліміз" деген алты адам есік қаққан. Олар аз уақытқа келіп кетпек болған, 3 шілде Ресейге қайтуға дайындалып жатқан Зинаида Мухортованы Балқашқа ала жөнелген.

"Оның мұнда неге келгенін білмеймін. Жарты жыл үйінде болмаған, қатты сағыныпты. Ісін жапты деп ойлап қалса керек" дейді Екатерина Мухортова.

Балқаштағы психиатрия диспансері бас дәрігерінің орынбасары Рысбек Ысқақов Азаттыққа Зинаида Мухортованың осы емдеу мекемесіне түскенін растады. Оның сөзінше, Мухортованы диспансерге мәжбүрлеп емдеу туралы сот шешімінің негізінде әкелген.

Адвокат Мухортованың басындағы шырғалаң 2009 жылы басталған еді. Ол Балқаштың тағы 5 тұрғынымен бірге президент Нұрсұлтан Назарбаев пен "Нұр Отан" партиясына парламент депутатының үстінен шағымданып хат жазған. Көп ұзамай Мухортованың үстінен "Әдейі жала жабу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары кезінде оған "психикалық ауытқуы бар" деген диагноз қойылған. Мухортова қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, мәжбүрлі түрде емделуі үшін психиатрия диспансеріне жөнелтілген еді.

Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан үкіметін Зинаида Мухортовадан олардың пайымдауынша "саяси астары бар" айыптауларды алып тастап, бөлекше ойлайтындарды психиатрия ауруханасында емдету практикасын тоқтатуға шақырған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG