Accessibility links

Табиғи монополияны реттеу агенттігінің басшысы ұсталды


Қаржы полициясы 2 шілдеде табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспановтың ұсталғанын хабарлады.

Құзырлы орган таратқан ақпаратта Оспановтың 1 шілдеде "табиғи монополиялар субъектісіне қамқорлық пен көмек көрсеткені үшін 200 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен тұтқындалғаны" айтылады.

Қаржы полициясы ресми сайтындағы ақпаратында: "Оспановтың үстінен аса ірі көлемде пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оған қатысты бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі шешіліп жатыр" деп жазылған.

Әзірше Оспанов пен оның қорғаушылары тарапынан ешқандай мәлімет таратылған жоқ.

Соңғы жылдарда Қазақстанда "жемқорлықпен күрес" науқаны аясында бірнеше министр мен ведомство басшылары "ірі көлемде пара алу" айыбымен ұсталып, істі болған. Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев 2011 жылы "қызмет бабын асыра пайдаланды, аса ірі көлемде пара алды және мемлекет қаржысын жымқырды" деп айыпталып, жеті жылға сотталған еді. 2013 жылы наурызда ол мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.

2008 жылы Астанада ұсталған бұрынғы білім және ғылым миинстрі, "Қазақстан темір жолы" компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеев сот шешімімен сол жылы күзде «қызмет бабын асыра пайдаланған» деген айыппен үш жылға бас бостандығынан айырылды. 2009 жылы қарашада ол түрмеден босап шықты.

Статистика агенттігінің бқрынғы төрағасы Анар Мешімбаева да 2014 жылы ақпан айында "бюджет қаржысын жымқырған және қызмет өкілеттігін асыра пайдаланып, мемлекетке қаржылық зиянын келтірген» деп танылып, 7 жылға сотталған.

XS
SM
MD
LG