Accessibility links

Козловтың жұбайының шағымын қанағаттандырмады


Оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова ұлы Аленмен бірге. Сурет жеке мұрағаттан алынды.
Оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова ұлы Аленмен бірге. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

3 шілде күні Алматы қалалық соты оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекованың Алмалы аудандық сотының 11 мамыр күнгі шешіміне берген апелляциялық шағымын қарады.

Алмалы аудандық соты 11 мамыр күні Тұрысбекова мен оның жасқа толмаған баласы тұрып жатқан үйін арестен шығару туралы берген шағымын қанағаттандырмай тастаған еді. Алматы қалалық соты да бүгін Тұрысбекованың апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартып, Алмалы аудандық сотының Козловтың ісі бойынша үйі тәркіленсін деген шешімін күшінде қалдырды.

Тұрысбекованың адвокаты Ольга Ким "Қазақстан заңдары бойынша жалғыз баспанадан айыруға тыйым салынғанын" айтады.

Бірақ прокурор Сара Жылқыбаева сотта "Козлов ісі бойынша шыққан үкімнің преюдициалдық күші бар екенін айтып, бұл сот ол үкімге қарсы шешім қабылдай алмайтынын" ескертті.

Владимир Козлов 2012 жылы күзде жеті жарым жылға сотталған. Ол сот үкімі бойынша тәркіленуі тиіс үй мен басқа да жылжымайтын мүліктердің иесі болып танылған.

Үкім шыққан уақыттан бері үйден басқа, кәмпескеленуі тиіс барлық мүлік мемлекет қазынасына алынған. Ал шағым берілген үйге арест қойылған.

Сенімхат арқылы күйеуінің мүддесін және баласының мүддесін қорғап жүрген Әлия Тұрысбекова қазір осы үйде тұрып жатыр.

XS
SM
MD
LG