Accessibility links

Назарбаев жаңа қылмыстық кодекске қол қойды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

"Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қылмыстық кодекс жобасына" қол қойды деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.

Бұған дейін сенаттың конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитеті "жаңа кодексте экстремизм мен терроризм қылмыстарына қарсы қолданылатын жаза күшейтіліп, радикалдық идеологияның таралуына ықпал ететін іс-әрекеттерді криминализациялау қарастырылғанын" хабарлаған еді.

Бас прокурордың орынбасары Иоганн Меркель кодекске "қылмыс" және "қылмысқа жақын іс-әрекет" деп аталатын екі жүйе бойынша жауапкершілік енгізілгенін айтқан. Оның сөзінше, енді "қылмысқа жақын іс-әрекет" жасағаны үшін айыптыға жеңіл қоғамдық жұмысқа мәжбүрлеу сияқты жазалар беріледі.

Кодексте коррупциялық қылмыстарға қолданылатын жаза күшейтілген. Коррупциялық қылмыс жасап сотталғандарға белгілі бір лауазымды қызметтерді атқаруға өмір бойы тыйым салу, парақорлыққа қарсы санкцияларды күшейту қарастырылған. Бұған қоса "қасақана жалған ақпарат таратқандарға" қолданылатын жаза да күшейтілмек.

Жаңа кодексте экстремизм мен терроризм, радикалдық идеологияларды таратқандарға тағайындалатын қылмыстық жауапкершілік те күшейтілген.

Мұның алдында қазақстандық кейбір құқық қорғаушылар қылмыстық кодекстің адам құқықтарына қатысты тұстарының қатайғанын хабарлаған еді. Құқық қорғаушы Айна Шорманбаева кодексте қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік органдардың қызметіне сын айту немесе бақылау жасауын азайту, "жалған ақпарат таратқаны" үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын айтқан.

XS
SM
MD
LG