Accessibility links

Ауған кандидаты Абдулланы Обама сабырға шақырды


Ауғанстан президенттігіне кандидат Абдулла Абдулла жақтастары алдында сөйлеп тұр. Кабул, 8 шілде 2014 жыл.

Ауғанстан президенттігіне кандидат Абдулла Абдулла жақтастары алдында сөйлеп тұр. Кабул, 8 шілде 2014 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама Ауғанстан президенттігіне кандидат, бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулланы "ресми органдардың дауыс берудің екінші кезеңінде бұрмалаушылық болған-болмағанын анықтауына мүмкіндік беруге" және "қандай да бір конституцияға қайшы әрекеттер жасамауға" шақырды. Ақ үйдің хабарлауынша, Обама Абдулламен 8 шілде күні кешке телефонмен сөйлескен.

Абдулла дауыс берудің алдын-ала нәтижесін мойындамай отыр. Ол нәтиже бойынша, Ашраф Ғани Абдулладан дауыс саны бойынша озып тұр. Абдулланың уәжі - "дауыс санау кезінде бұрмалаушылық болған ". 8 шілде күні митингіге шыққан мыңдаған жақтасының алдында Абдулла "жеңіске жеттім" деп мәлімдеді.

Барак Обаманың баспасөз хатшысы Джош Эрнесттің айтуынша, "Абдулланың жақтастары күш қолданып, я төңкеріс жасаса, АҚШ Ауғанстанға беретін әскери-экономикалық көмегін тоқтатады". Эрнест "Нақты шешім әлі шыққан жоқ. Дауыс берудің түпкілікті нәтижесі алдын-ала қорытындыдан өзгеше болуы мүмкін" деді.

Соңғы күндері Абдулланың жақтастары арасында "балама үкімет" құру туралы үндеулер де айтыла бастаған.

АҚШ президентінің өзге мемлекеттердің президент сайлауының кандидатымен сөйлесуі - бұрын-соңды болмаған жағдай. Бірақ Ақ үй "Обама Ауғанстандағы жағдайдың күрделі екенін және АҚШ-тың бұл елдегі тұрақтылықтың сақталуына мүдделі екенін ескеріп, Абдулламен сөйлесуді жөн көрді" дейді.

Ауғанстан Тәуелсіз сайлау комиссиясы сайлаудың 14 маусым күні өткен екінші турының алдын-ала нәтижесін 7 шілде күні жариялаған еді. Ол бойынша, бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ғани 56 пайыз дауыс, Абдулла 44 пайыз дауыс жинаған. Сайлаудың алғашқы кезеңінде Ашраф Ғани - 31 пайыздан астам, Абдулла 46 пайыз дауыс жинаған еді.

XS
SM
MD
LG