Accessibility links

Пан Ги Мун Газа секторындағы жағдайға алаңдаулы


БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Газа секторы, Иордан өзенінің батыс жағалауы мен Израильдің оңтүстігінде жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты алаңдаушылығыны білдіріп, қарсы жақтарды ұстамдылыққа шақырды.

БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өткен баспасөз жиынында сөйлеген Пан Ги Мун 9 шілдеде Таяу Шығыстағы жағдайды АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри, Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху, Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббас, Египет президенті Абдел Фаттах әл-Сисимен, Сауд Арабиясы және Катар әмірлерімен талқылағанын айтты.

Оның сөзінше, Газа секторындағы жағдай "тым шиеленісіп тұр және ол бақылаудан шығып кетуі мүмкін". "Шиеленістің ары қарай да таралу қаупі басым. Газа секторы мен тұтас аймақ тағы бір соғыстың болғанын қаламайды" деді Пан Ги Мун.

Аймақтағы қайшылық соңғы күндері палестиналық жеткіншектің өлімінен кейін шиеленісе түскен. Мұның алдында 12 маусымда Иордан өзенінің батыс жағалауында ұрланған израильдік үш жасөспірімнің өлі денесі табылған

ХАМАС ұйымы Газа секторынан Израиль территориясын зымыранмен атқылаған. Оған жауап ретінде Израиль қарулы күштері 8 шілдеге қараған түні Газа секторының ХАМАС жасақтары орналасқан аудандарына әскери операция бастаған.

10 шілдеде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Таяу Шығыстағы жағдай талқыланады.

XS
SM
MD
LG