Accessibility links

Тәжаяқов сотында тағы бір куәні тыңдады


Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тәжаяқов федеральдық сотта тұр. Бостон, 1 мамыр 2013 жыл.

Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тәжаяқов федеральдық сотта тұр. Бостон, 1 мамыр 2013 жыл.

Бостонда өтіп жатқан қазақстандық бұрынғы студент Азамат Тәжаяқовтың сотында қазақстандық тағы бір айыпталушы Диас Қадырбаевтың танысы Баян Күмісқалидың тергеу кезінде берген жауабының бейнежазбасы жарияланды.

Boston Globe басылымының хабарлауынша, 9 шілдеде өткен сот тыңдауында жарияланған бейнежазбада Баян Күмісқали тергеу кезінде берген Бостон марафонындағы жарылысты жасады деп айыпталған Джохар Царнаевтың рюкзагін Диас Қадырбаев Азамат Тәжаяқовпен бірге Массачусетс штатының Бедфорд қаласында тұрып жатқан пәтерге әкелгенін айтқан. Куәгердің сөзінше, ол Қадырбаевқа рюкзактен арылу керегін өзі айтқан. Куәгер Қадырбаевтың оған келісім беріп, рюкзакті басқа жаққа апарып тастағанын айтады.

Тәжаяқов сотының 8 шілде күнгі отырысында жарылысқа қатыстыларды тергеген Федералдық тергеу бюросының (немесе FBI) агенті Сара Вуд жауап берген. Ол әуелде "жарылғыш заттар салынған рюкзакті қоқыс жәшігіне тастауды Қадырбаев ұсынып, Тәжаяқовтың оған келіскенін" айтады. Агенттің сөзінше, олар Джохар Царнаевтың рюкзагінен құтылуға Джохардың ағасы Тамерлан Царнаев полициямен атыста оққа ұшқанын естіген соң бел байлаған.

Бірақ Тәжаяқовтың адвокаты Николас Вульридж агенттің сөзімен келіспейді. Ол сотта Царнаевтың сөмкесін Тәжаяқов емес, Қадырбаев алып шыққанын, ал Тәжаяқов сөмке туралы FBI агентінің тергеуі кезінде естігенін айтқан.

Баян Күмісқали Диас Қадырбаев және Азамат Тәжаяқовтармен бірге Массачусетс университетінде оқыған. Ол FBI агенттерінің Қадырбаев пен Тәжаяқовтың пәтерін тінтуіне қатысқан.

Азамат Тәжаяқовқа байланысты сот процесі – 2013 жылы сәуірдің 15-інде Бостон марафоны кезінде болған, үш адамды мерт етіп, 260-тай адамды жаралаған жарылысқа қатысты істердің бірі. Терактіні ұйымдастырды деген басты күдік Қырғызстанда туып, АҚШ-та өскен Джохар Царнаевқа таңылған.

Диас Қадырбаевтың соты қыркүйекте басталады. Егер кінәлі деп танылса, Қадырбаев пен Тәжаяқов 25 жылға дейін сотталуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG