Accessibility links

Германия футбол командасы әлем чемпионы атанды


Марио Гетце (оң жақта) соққан гол Германия командасына жеңіс әкелді. «Маракана» стадионы, Рио-де-Жанейро, Бразилия, 13 шілде 2014 жыл.

Марио Гетце (оң жақта) соққан гол Германия командасына жеңіс әкелді. «Маракана» стадионы, Рио-де-Жанейро, Бразилия, 13 шілде 2014 жыл.

Футболдан Бразилияда өткен әлем чемпионатында Германия құрамасы жеңіске жетті. Жексенбі күні Рио-де-Жанейрода өткен финалдық матчта Германия ойыншылары Аргентина құрамасын 1:0 есебімен жеңді.

Финалда 90 минут бойы есеп ашылмай, кейін қосымша берілген 15 минуттық ойын кезінде Марио Гетце салған гол Германия командасына жеңіс әкелді.

Германия құрамасы осымен әлем чемпионатын төртінші рет ұтып отыр. Бұған дейін бұл ел 1954, 1974 және 1990 жылдары әлем біріншілігін жеңген.

Аргентина мен Германия әлем чемпионатының финалында осымен үшінші рет кездесті. 1986 жылғы шешуші матчта Аргентина 3:2 есебімен ұтса, 1990 жылғы әлем чемпионатының финалында Германия Аргентинаны 1:0 есебімен жеңген еді.

Әлем чемпионатының қола жүлдесін 12 шілде күні өткен матчта Бразилияны 3:0 есебімен ұтқан Голландия құрамасы алды.

Бұл жолғы әлем біріншілігінің нәтижесі бойынша аргентиналық Лионель Месси чемпионаттың үздік ойыншысына берілетін «Алтын допты», германиялық Мануэль Нойер үздік қақпашыға берілетін «Алтын қолғапты» иеленді. Турнир барысында алты гол салған колумбиялық Хамес Родригес «Үздік мерген» атанды.

Футболдан келесі әлем чемпионаты 2018 жылы Ресейде өтеді.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG