Accessibility links

Ауғанстан: Дауыстарды қайта санауға үш апта керек


Ауғанстан президенттігіне кандидаттар – Ашраф Ғани (сол жақта) және Абдулла Абдулла.
Ауғанстан президенттігіне кандидаттар – Ашраф Ғани (сол жақта) және Абдулла Абдулла.

Ауғанстан президенті сайлауының екінші кезеңінде берілген дауыстарды қайта санау үш апта уақыт алады. Жексенбі күні Кабулде Ауғанстан тәуелсіз сайлау комиссиясы басшысы Юсуф Нуристани осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, комиссия күніне мың сайлау жәшігіндегі бюллетеньдерді тексеретін жүз бригада құруды жоспарлап отыр.

Жергілікті және халықаралық бақылаушылардың қатысуымен сегіз миллион бюллетень қайта саналып болған соң, оның нәтижесін екі кандидат та мойындаулары тиіс деп ескертті Нуристани.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің Кабулде екі күндік келіссөздер өткізген соң, сенбі күні Ауғанстан президенттігіне кандидаттар – бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла мен бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ғани дауыс беру бюллетеньдерін қайта тексеріп шығуға келіскен еді.

Бұған дейін 14 маусым күні өткен Ауғанстан президенті сайлауы екінші кезеңінің алдын ала нәтижесі бойынша, дауыс берген сайлаушылардың 56 пайызынан астамы Ашраф Ғаниді қолдағаны хабарланған еді. 44 пайызға жуық дауыс жинаған Абдулла Абдулла сайлау нәтижесімен келіспейтіндігін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG