Accessibility links

Ресей Украина консулын түрмедегі ұшқышқа жолықтырмады


Украиналық ұшқыш Надежда Савченко.

Украиналық ұшқыш Надежда Савченко.

Украинаның Ресейдегі консулы Геннадий Брескаленконы бүгін Воронеж қаласында тергеу абақтысында отырған украиналық ұшқыш Надежда Савченкомен жолықтырмады.

Бұл туралы Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин хабарлады. Ол бұны халықаралық құқықтың барлық нормаларын бұзу деп атады. Украиналық дипломат өзін Савченкомен кездестіруді сұрап, бүгін тәуліктің екінші жартысында тағы да әрекет жасайды деп жазды министр Twitter әлеуметтік желісінде.

Тұтқынның жаңа адвокаты Марк Фейгин де абақтыда отырған ұшқышпен жақын уақытта кездесуден үмітті. Савченконы абақтыдан шығару мүмкіндігі жайлы Фейгин бұл мәселе сотта емес, «ең жоғарыда» шешілетінін айтады. Тіпті сот ұшқышты айыпты деп үкім шығарған күннің өзінде, бұған дейін Киев пен Мәскеу арасында жасалған келісімде қарастырылғандай, Савченконың жазаны Украинада өтеуіне мүмкіндігі бар дейді адвокаттары. Бұған қоса Фейгин мен құқыққорғаушылар түрмедегі ұшқышқа қатысты халықаралық қысым болады деп үміт артады.

Ресей билігі Украинаның шығысындағы Луганск қаласы маңында қаза тапқан ресейлік журналистердің ажалына Надежда Савченконың қатысы бар деп санайды. Ресей тергеу комитетінің айтуынша, Савченко 17 маусым күні Луганск түбіндегі шайқас кезінде ресейлік ВГТРК түсіру тобының нақты қай жерде екендігін анықтайтын деректерді тауып, оны өз басшыларына берген. Содан кейін минометтен оқ жауып, салдарынан дыбыс операторы Антон Волошин мен тележурналист Игорь Корнелюк мерт болған.

Тергеушілер Надежда Савченко «босқын атын жамылып Ресейге заңсыз келгенде ұсталған» деп отыр. Украина билігі болса «ұшқышты алдымен сепаратистер ұстап алып, кейін Ресейге тапсырған» дейді. Украинада Надежда Савченконың ұрланғаны туралы қылмыстық іс қозғалған.

XS
SM
MD
LG