Accessibility links

Тәжаяқов ісінде сот куәгерлерді тыңдап шықты


Азамат Тәжаяқовтың федералдық сотта тұрғанын бейнелейтін сурет. Бостон, АҚШ, 1 мамыр 2013 жыл.

Азамат Тәжаяқовтың федералдық сотта тұрғанын бейнелейтін сурет. Бостон, АҚШ, 1 мамыр 2013 жыл.

АҚШ-та Бостон марафонындағы жарылысқа қатысты ісі қаралып жатқан қазақстандық бұрынғы студент Азамат Тәжаяқовтың сотында куәгерлердің жауабын тыңдау аяқталды. Дүйсенбі күні сотта соңғы куәгер, агент Джон Уолкер сұрақтарға жауап берді.

The Boston Globe басылымының хабарлауынша, сот кезінде алқабилерге көрсетілген бірнеше видеоматериалда Азамат Тәжаяқовтың Бостон терактісін ұйымдастырды деген басты күдікті Джохар Царнаевпен бірге Дартмут университетінің жаттығу залынан шығып келе жатқан сәті бейнеленген. Бұл видео 2013 жылы 16 сәуір күні кешке жазылған деп жазады басылым. Содан бір күн бұрын Бостон марафоны кезінде болған жарылыстар салдарынан үш адам қаза тауып, 260-тас аса адам жараланған еді.

Тергеушілер терактіні ағайынды Тамерлан және Джохар Царнаевтар ұйымдастырып, іске асырған деп санайды. Тамерлан Царнаев полиция оны қолға түсірмек болған кезде оққа ұшқан. Оның інісі Джохар Царнаев тұтқынға алынған.

Айыптау қортындысы бойынша, Бостон марафонында террорлық жарылыстар болған соң үш күннен кейін Азамат Тәжаяқов пен АҚШ-қа Қазақстаннан оқуға барған тағы бір студент Диас Қадырбаев Царнаевтың жатақханадағы бөлмесіне барып, жарылғыш заттар мен компьютер салынған оның рюкзагін алып шыққан. Тергеушілер Тәжаяқов пен Қадырбаев қылмысқа күдікті ретінде Царнаевтың фотосуреті жарияланған соң әлгіндей әрекетке барған деп санайды. Кейін Царнаевтың рюкзагі қоқыс тастайтын орыннан табылған.

Прокурордың пікірінше, осы істерімен Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев қылмыс айғақтарын жасырып, тергеу ісін адастырмақ болған.

XS
SM
MD
LG