Accessibility links

Мәскеуде метродағы апаттан 20 адам қаза тапты


Метродағы апаттан зардап шеккендер. Мәскеу, 15 шілде 2014 жыл.

Метродағы апаттан зардап шеккендер. Мәскеу, 15 шілде 2014 жыл.

Мәскеудегі Арбат-Покров метро линиясында болған апаттан 19 адам қаза тауып, 160-тан астам адам жараланған деп хабарлады төтенше жағдай министрлігінің (ТЖМ) Мәскеудегі өкілі Александр Гаврилов.

Кейінірек Мәскеу денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары Алексей Хрипун апаттан жараланған бір адамның ауруханада көз жұмғанын хабарлады. Осымен апаттан қаза тапқандар саны 20 адамға жетті.

Александр Гавриловтың сөзінше, құтқарушылар жеті жолаушының сүйегін ғана жер бетіне шығарған, бірінші және екінші вагондарда алты-алты адамның денесі жатыр. Поезд машинисі тірі қалып, ауруханаға түскен.

Құтқарушылар үш вагон рельстен шығып кеткен маңда, «Парк Победы» және «Славянский бульвар» станциялары арасында қалған жолаушыларды құтқарды.

Мәскеудегі ТЖМ өкілі Виктор Бирюковтың сөзінше, метрода жалған дабыл белгісі қосылып кетіп состав кілт тоқтаған, соның кесірінен апат болған. Ол болжамды Ресей тергеу комитеті өкілі Владимир Маркин де қолдады. Бұл оқиғаға байланысты көлік қауіпсіздігін сақтамауы бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Оқиға болған жерге келген Мәскеу мэрі Сергей Собянин апатта көз жұмған адамдардың туыстарына 1 миллион рубль төленетінін айтты.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігі метродағы апаттан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар бар-жоғын анықтап жатқанын хабарлады.

XS
SM
MD
LG