Accessibility links

Савченко өзін Ресейге еркінен тыс әкелгенін растады


Украиналық әскери ұшқыш Надежда Савченко.

Украиналық әскери ұшқыш Надежда Савченко.

Ресейдің Воронеж қаласындағы тергеу абақтысында қамауда отырған украиналық әскери ұшқыш Надежда Савченко бұл елге өзін еркінен тыс әкелгенін өзімен кездескен Украина консулына айтқан.

Бұл жайында Украина президенті Петр Порошенконы елдің сыртқы істер министрі Павел Климкин хабардар еткен.

Савченконың айтуынша, оны ұстап алған сепаратистер әуелі Луганскіге, сосын басына қап кигізіп, қолына кісен салып Красный Луч елдімекеніне апарған. Бұдан соң Ресейдің Воронеж облысындағы Богучар қаласына жеткізген.

Осылайша украиналық ұшқыш әйел өзін Ресейге «босқын кейпінде келген» деп хабарлаған Ресей тергеу комитетінің ақпаратын жоққа шығарып отыр. Сонымен бірге Надежда Савченко Воронеж абақтысында «айыбын мойындағаны» және әлдебір құжаттарға қол қойғаны туралы тараған қауесетті де жоққа шығарды.

Савченко абақтыда қалыпты жағдайда отырғанын, тергеу кезінде өзін азаптап-қинамағанын айтқан. Бірақ ол консул және адвокаттармен кездестіруді талап етіп сегіз күн бойы аштық жариялағандығынан хабардар еткен. Бұған дейін тұтқындағы Савченкомен кездестіруді сұраған Украина консулының өтінішін Ресей жағы тоғыз рет қанағаттандырмай тастаған.

Ресей билігі 33 жастағы тікұшақ штурман-операторы Надежда Савченконы 17 маусым күні шығыс Украинада қаза тапқан Ресейдің екі журналисінің өліміне қатысы бар деп айыптап, бір айдан бері Воронеж қаласында қамауда ұстап отыр. Өткен аптада сот оны қамауда ұстау мерзімін 30 тамызға дейін ұзартқан. Бүгін Савченко адвокаттарымен тағы кездесуі тиіс.

Украина сыртқы істер министрлігі ел аумағынан заңсыз әкетілген Надежда Савченконы ешқандай шарт қоймастан дереу босатуды және оны ұрлауға қатысы бар адамдарды жауапқа тартуды Ресейден талап етіп отыр.

XS
SM
MD
LG