Accessibility links

Ақтөбе облысының Қандағаш қаласындағы мұнай өңдеуші кәсіпорында шілденің 16-сы күні кешке жарылыс болып, төрт адам зардап шекті.

«Вернал Ойл Қазақстан» ЖШС қарасты кәсіпорында резервуар жарылған. Бұл ақпаратты серіктестік директоры Евгений Гребнев растады.

Жарылыс салдарынан кәсіпорынның төрт жұмысшысы күйіп қалды. Кеуде тұсын күйік шалған бір адам алғашқы жәрдемнен соң өз қалауымен үйіне жіберілген. Ал денесінің 40 пайызы күйген тағы бір жұмысшы кеше облыс орталығы Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді. Денесінің 20 пайызын күйік шалған енді бір азамат Мұғалжар аудандық ауруханасында ем алып жатыр.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысы Әсет Қалиев «тасымалдауға жарамсыз, жағдайы ауыр» деп сипаттаған төртінші жұмысшыны серіктестік басшылары Орынбордағы күйік орталығына жөнелтпек. Әзірше ол Мұғалжар аудандық ауруханасының жан сақтау бөлімінде.

- Орынбордағы күйік орталығымен келісіп қойдық. Санитарлық авиацияны күтіп отырмыз,- дейді Евгениий Гребнев.

Жарылыс болған жерде қазір арнайы комиссия жұмыс жасап жатыр. Төтенше жағдайға не себеп болғаны 1-2 күнде жариялануы тиіс.

Оқиға болған Қандағаш қаласы - Мұғалжар ауданының орталығы.

XS
SM
MD
LG