Accessibility links

Малайзия ұшағы апатына Назарбаев көңіл айтты


Апат орнында тұрған ресейшіл сепаратист. Украина, Донецк облысы, Грабово кентінің маңы, 17 шілде 2014 жыл.

Апат орнында тұрған ресейшіл сепаратист. Украина, Донецк облысы, Грабово кентінің маңы, 17 шілде 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Малайзия премьер-министрі Наджиб Тун Разакқа ұшақ апатына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Жеделхатта «Malaysia Airlines компаниясының Амстердамнан Куала-Лумпур қаласына ұшқан лайнерінің Украина аумағында құлап, көп адамның қаза болғаны туралы қайғылы хабарды Қазақстан президентінің күйзеліспен қабылдағаны» жазылған.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы және өз атынан Наджиб Тун Разак пен қаза тапқан азаматтардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтқан.

17 шілде күні Malaysia Airlines әуе компаниясының Boeing 777 ұшағы зымыран шабуылынан Украинаның Донецк облысындағы Торез қаласы маңына құлағаны хабарланған еді.

Амстердамнан Куала-Лумпур қаласына қарай 10 мың метр биіктіктегі халықаралық әуе коридорымен ұшып бара жатқан ұшақ Ресей әуе кеңістігі аумағына кіруге 50 километр қалғанда құлаған еді. Ұшақ бортындағы 298 адам түгел қаза тапқан.

Украина сыртқы істер министрі кеңесшісі Антон Геращенко "ұшақты ресейшіл сепаратистер "Бук" зениттік зымыран кешенімен атып түсірді" деп мәлімдеді. Алайда сепаратистер апатқа Украина әскерін кінәлап отыр.

Украина арнайы қызметі Малайзия ұшағы апатына сепаратистердің қатысы бар екенін білдіретін аудиожазбаны жариялады.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG