Accessibility links

Алматы облысы Талғар ауданында сел жүрді


Сел ағызған көлік. Алматы облысы, Талғар ауданы, 18 шілде 2014 жыл.

Сел ағызған көлік. Алматы облысы, Талғар ауданы, 18 шілде 2014 жыл.

Алматы облысы Талғар ауданындағы Талғар өзені тасыған. Су секундына 40 куб метр жылдамдықпен аққан. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәлімдеуінше, оқиғадан зардап шеккендер жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі ресми сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, "орман шарушылығындағы 3 үйді, «Спутник» пионер лагеріне апаратын автожолдар учаскелері, өзен арнасына жақын орналасқан дәмхананың 2 жазғы терассасы, жұмыс істемейтін лагерьдің кейбір ғимараттары су астында қалғаны, сондай-ақ «Алматы – Қорғас» жолындағы автомобиль көпірін су шайып жатқаны қосымша анықталған".

Оқиға орнында барған Азаттық тілшісінің мәлімдеуінше, тасқын болған жерде төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары мен Талғар ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы жүр. Олар өзен ағатын шатқалға журналистерді жібермеген. Азаттық тілшісі сел ағызған бір көлікті көрген.

Аудан әкімінің орынбасары «Су бөгетінен үш жарым километр жерде балалар лагерьлері орналасқан. Бірақ бұл лагерьлер зардап шеккен жоқ. Балалар қалыпты жағдайда демалып жатыр. Күннің ыстығынан таудағы қар еріп, су мөлшері қалыпты жағдайдан үш есе көбейген. Қазір су арнасына түсті, енді қауіп жоқ» деді.

Талғар қаласындағы өзен маңындағы көшелерде телефон бағаналары құлаған. Өзен маңындағы саяжайлар зардап шеккен. «Радуга» лагерінің бірінші қабатын су алып кеткен. Бірақ онда балалар болмаған. Мамандардың айтуынша, нақты шығын әлі есептелген жоқ.

Бөгет маңында «Спутник» және «Маралды сай» лагерьлер орналасқан. Онда қазір балалар демалып жатыр. Он шақты ата-ана жиналып, осы лагерьлердегі балаларын алып кетуге келген. Лагерь басшылығы оларға балалардың жағдайы жақсы екенін хабарлаған. Оларды да төтенше жағдайлар қызметкерлері лагерьге қарай жібермей тұр.

Қазір төтенше жағдайлар министрлігі аудандағы су бөгеттерін бақылауға алды.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG