Accessibility links

Батыс лидерлері Ресейге қысым жасауды айтты


Австралиядағы украиндар қауымы өткізген митингідегі Ресей президенті Владимир Путинге қарсы жазуы бар сурет. Сидней, 19 шілде 2014 жыл.

Австралиядағы украиндар қауымы өткізген митингідегі Ресей президенті Владимир Путинге қарсы жазуы бар сурет. Сидней, 19 шілде 2014 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама Украинадағы жағдайға байланысты дүйсенбі күні жасаған мәлімдемесінде, Ресейді малайзиялық ұшақ құлаған жерді тексеруге барған халықаралық сарапшыларға кедергі келтірмес үшін сепаратистерге қысым жасауға шақырды.

Обама Ресей мен сепаратистер тергеушілердің қауіпсіздігіне жауапты екенін айтып, ұшақ құлаған жердегі айғақ заттарды жасыру немесе жоюға әрекет жасаған деп сепаратистерді айыптады. Ақ үй басшысы егер Ресей Украинадағы дағдарысты бейбіт жолмен реттеуге ниет танытпаса, ол ел бұдан ары оқшауда қалатынын ескертті.

Канада премьер-министрі Стивен Харпер дүйсенбі күні Украинадағы дағдарысқа қатысты Ресейге жаңа экономикалық санкциялар салынғаны туралы мәлімдеді. «Азаматтық ұшақты атқылаған өрескел және қылмыстық акт Ресейдің әскери агрессиясының нәтижесі» делінген мәлімдемеде. Харпер халықаралық қауымдастық тарапынан Путин режиміне қарсы қысымды жалғастыру қажеттігін айтқан.

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон малайзиялық ұшақ құлаған соң Еуропа Одағы Мәскеуге әскери құрал-жабдық сатпауы керек деп мәлімдеген. Ол Донецк облысындағы қайғылы оқиғадан соң Ресейге Mistral тікұшақ тасушы кемесін сату туралы келісімді орындағалы отырған Францияның шешімін «ақылға сыймайды» деп атаған.

XS
SM
MD
LG