Accessibility links

Наразылар президент әкімшілігі басшысын талап етті


Наразы тұрғындар үкімет үйінің алдында тұр. Астана, 23 шілде 2014 жыл.
Наразы тұрғындар үкімет үйінің алдында тұр. Астана, 23 шілде 2014 жыл.

Астанада саяжайлық жер телімдерінің мемлекетке өткізілуіне қарсы бір топ тұрғын бүгін үкімет үйіне келіп, өздерін Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулинге жолықтыруды талап етті деп хабарлады Азаттық тілшісі. Наразылар президент әкімшілігіне барса өздерін полиция ұстап әкете ме деп қауіптеніп, Нығматулинмен үкімет үйіне кездесуді талап етіп келгендерін айтты.

Үкімет үйі ғимаратына кірген 5 әйел мен 7 балаға өзін Қазақстан президенті әкімшілігі аппаратының инструкторымын деп таныстарған ер адам жолықты. Наразы тұрғындар оған жер телімдерін «мемлекет қажетіне» деген уәжбен алған қала билігінің берген өтемақысына көңілдері толмайтынын, бұл даулы мәселе бойынша сот шығарған шешіммен және прокуратураның уәжімен келіспейтіндерін жеткізді. Бұған дейін бас прокуратура саяжай телімдерін мемлекет иелігіне алу «заңнама талаптарына қайшы келмейтінін» мәлімдеген еді.

«Біз президент әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулинмен жолықтыруды талап етеміз, талабымыз орындалмаса, Қадыр түнін осы жерде қарсы алуға бекініп келіп тұрмыз» деді наразы тұрғындар.

Бұл уақытта олар тұрған жерге прокуратура өкілі келді, үкімет үйінің сыртында полиция қызметкерлері мен көлігі тұр деп хабарлады Азаттық тілшлісі.

Астанада жер телімдерін жергілікті билік «мемлекет қажетіне» алғанына наразы тұрғындар бұған дейін де орталық билік ғимараттары алдында бірнеше рет наразылық акцияларын өткізген. Полиция оларды бірнеше мәрте балаларымен қоса ұстап әкетіп, кейбірін әкімшілік жауапқа тартқан еді.

XS
SM
MD
LG