Accessibility links

Журналистер ЭКСПО жайлы мақалалар байқауын сынады


Баспасөз мәслихатына келген журналистер. (Көрнекі сурет)
Баспасөз мәслихатына келген журналистер. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда журналистер арасында «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі жайында жазылған үздік мақалаға конкурс жарияланды. Бірақ журналистердің көбі бұл идея күмәнмен қарайды.

Конкурс орыс және қазақ тілдерінде, «Газет-журналдағы үздік мақала», «Интернет-басылымдағы үздік мақала», «Үздік телевизиялық репортаж», «Үздік радиобағдарлама» деген бірнеше номинация бойынша өтеді. Конкурс нәтижесі тамыздың 11-і күні жарияланады. Жеңімпаздарға құны 150 мың теңгелік (800 доллар) бағалы сыйлықтар берілетіні хабарланды.

Конкурсқа ұсынылған материалдарды бағалау критерийлері жайлы Азаттыққа «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің менеджері Мәдина Иманәлиева айтып берді. Ол өлшемдер – тақырыптан ауытқымау, фактілер мен оларды баяндаудың нақтылығы, терең сараптама мен проблеманы аша білу, авторлық позиция және мақаланың журналистік этика принциптеріне сай болуы. Мәдина Иманәлиева Азаттық тілшісіне:

- Республиканың жер-жерінен мақалалар келіп жатыр, жалпы саны әлі анық емес. Мақалаларға қатысты сараптама да, статистика да әзірге жасалған жоқ, - деді.

КІМ ҚАТЫСАДЫ?

Азаттық тілшісі сөйлескен журналистердің көбі бұл конкурстың әділ өтетініне күмәнмен қарайтындарын айтты. Олардың пікірінше, «мемлекеттік конкурстар әділетсіз өтеді».

Экспо-2017 көрмесі туралы Сәбиттің карикатурасы.
Экспо-2017 көрмесі туралы Сәбиттің карикатурасы.

Республикалық экономикалық газеттің журналисі Натальяның (аты-жөнін, басылым атауын жарияламауды сұрады) мақаласы журналистер арасында мұнай тақырыбында былтыр өткен конкурстан бірінші орын алған. Журналист Азаттық тілшісіне:

- Конкурстың қалай өткенін өз көзіммен көрдім. Байқау нәтижесі ақшалы адамдардың ықпалымен алдын ала шешіліп қойды. Ұйымдастырушылар біздің редакторымызбен жақсы араласатын еді, - деді.

«31» телеарнасының Астана қаласындағы тілшілер пунктінің жетекшісі Гүлбану Әниятқызы да конкурсты сынайды.

- Конкурстың міндеті - осы шараны жер-көкке сыйғызбай мақтау. Бұл біздің форматымыз емес. Бұл конкурстан ештеңе күтпеймін, себебі жеңімпаздың баяғыдан анықталып қойғанын білемін. Әрине, шара жайлы жаңалық береміз. Алайда маған көрменің басқа жағы қызығырақ. Журналистеріміз бұл конкурсқа қатысудан гөрі, көрме төңірегіндегі шынайы мәселелерді көтеретін болады, - дейді ол.

Мұндай конкурс өткізуді «Қазақстан-Zaman» газетінің құрылтайшысы Ахмет Аляз құптап отыр. ЭКСПО-17 жайлы материалдар осы газетте жиі жарияланады. Оның сөзінше, көрме жайындағы үздік мақала конкурсына әріптестерінің кейбірі қатысқалы отыр. Ахмет Аляз Азаттық тілшісіне:

- Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары халықаралық көрмені насихаттауы тиіс. Көрме Қазақстанға не береді – осы жайында айту керек. Журналистің ізденісі маңызды. Әрине, әділетсіз конкурстар да болады, алайда бұл байқауды әділетті өтеді деп ойлаймын, - деді.

«Жастар үйі» журналы мен «Болашақ» газетінің редакторы Дәурен Бабамұрат «ЭКСПО-17 көрмесін жарнамалаудың еш әбестігі жоқ» деп ойлайды. Бірақ оның әріптестері бұл конкурсқа қатыспайды.

- Меніңше, тек үкіметтік бұқаралық ақпарат құралдары ғана қатысатын секілді. Оппозициялық БАҚ мемлекеттен ешқашан сыйлық алып көрген емес. Бұл жолы сайыс үш-төрт газет арасында өтетін шығар, — деді ол.

ЭКСПО-2017 көрмесін Қазақстанда өткізу мәселесі оның инфрақұрылымын салуға көп шығын кететініне байланысты дау тудырып отыр. Сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» ұйымының президенті Тамара Калеева көрмені «мемлекеттің амбицияға толы жобасы» деп атайды. Тамара Калеева Азаттық тілшісіне:

«Әділ сөз» ұйымының президенті Тамара Калеева. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл.
«Әділ сөз» ұйымының президенті Тамара Калеева. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл.

- Көрме халық мүддесіне сай келмей тұр. Бұл жерде журналистердің кәсіби біліктілігі немесе халықтың мұң-мұқтажы туралы мәселе көтеріліп отырған жоқ. Әңгіме мемлекеттің ауқымды әрі амбицияға толы жобасы туралы болып отыр. Біреулер «көрме өткізу тым қымбатқа түседі» десе, енді біреулер оны «ауадай қажет» деп санайды. Алайда бұл жерде сын үшін сыйлық бермейді. Өйтуге ұйымдастырушылардың хақы бар. Қазір мұнай, қаржы, медицина саласында түрлі конкурстар көп. Өз басым конкурс нәтижелеріне назар аудармаймын. Олардың бәрінің нәтижесі әдетте алдын ала белгіленіп қояды, - деді.

«Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп – қазылар алқасының президенттің «Нұр Отан» партиясы атынан тағайындалған мүшесі. Ол «көрме жайындағы үздік мақала конкурсының әділ әрі дұрыс өтетініне 100 пайыз сенімді» екенін айтты.

Мұндай конкурстар Қазақстанда жиі өтеді. Мәселен, президенттің «Нұр Отан» партиясы өзінің қызметі туралы жазылған үздік мақалаға конкурс өткізді. Жүлде қоры бір миллион теңге (5,5 мың доллар шамасында) болды. «Нұр Отан» партиясының тағы бір конкурсы Астана жайлы жасалған ең үздік репортажды анықтауға арналды. Ол жолы әр номинацияның жүлдесіне 250 мың теңге (1,3 мың доллардан астам) тігілді.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG