Accessibility links

Астанада наразылар акцияларын жалғастырды


Үкімет үйі алдында наразылықтарын білдіріп тұрған саяжай иелері. Астана, 23 шілде 2014 жыл.

Үкімет үйі алдында наразылықтарын білдіріп тұрған саяжай иелері. Астана, 23 шілде 2014 жыл.

Астанада жерлерін «мемлекет қажетіне» алуға қарсы алты әйел наразылықтарын жалғастырып жатыр. Олар осымен екінші рет, шілденің 25-іне ауған түні де үкімет үйінің алдында түнеп шықты. Қазір наразылар үкімет үйінің алдында тұр. Бұл туралы Азаттық тілшісіне наразылардың бірі Алтын Червалиева хабарлады.

Кеше олар үкімет үйінің алдында балаларымен бірге түнеген еді. Бүгін түндегі акцияға балалары қатыспаған.

Червалиеваның айтуынша, "әйелдер наразылық шарасын жалғастырады". Ол "наразылардың үкімет үйінің алдына балаларын әкеліп жатқанын" да айтты.

Шілденің 24-іне ауған түні үкімет үйінің алдына жеті адам балаларын ертіп келген еді. Наразылардың айтуынша, полиция оларды түн ортасында алып кетіп, бөлімшеде үш сағат ұстаған. Полиция бөлімшесінен шыққан соң алты әйел үкімет үйінің алдына қайта барған.

Наразы тұрғындар Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулинге жолықтыруды талап етеді. Олар Назарбаев университеті жанындағы саяжайлар орналасқан жер телімдерін «мемлекет қажетіне» алған қала билігінің өтемақысына көңілдері толмайтынын, бұл даулы мәселе бойынша сот шығарған шешіммен келіспейтіндерін айтады. Бұған дейін бас прокуратура саяжай телімдерін мемлекет иелігіне алу «заңнама талаптарына қайшы келмейтінін» мәлімдеген еді.

Бас прокуратура мәлімдемесінде "Астана әкімдігінің әрекеттері коммерциялық мақсат көздеумен және мемлекеттік емес мүдделерді қанағаттандырумен ұштаспаған. Азаматтардың экономикалық мүдделері ескерілген - алынған саяжай учаскелеріне олардың салған қаражаттарынан үш еседен аса өтемақы төленген" деп жазылған.

Астанада жер телімдерін жергілікті билік «мемлекет қажетіне» алғанына наразы тұрғындар бұған дейін де бірнеше рет наразылық акцияларын өткізген. Полиция оларды бірнеше мәрте балаларымен қоса ұстап әкетіп, кейбірін әкімшілік жауапқа тартқан еді.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG