Accessibility links

Туысы Мухортованың халі нашар екенін айтады


Зинаида Мухортованың сіңлісі Наталья Абент. Астана, 17 сәуір 2014 жыл.

Зинаида Мухортованың сіңлісі Наталья Абент. Астана, 17 сәуір 2014 жыл.

Психиатриялық диспансерге мәжбүрлі түрде жатқызылған балқаштық адвокат Зинаида Мухортованы емдеу шаралары басталды. Мухортованың сіңлісі Наталья Абент Азаттыққа "оның халі нашар" екенін хабарлады.

Абенттің айтуынша, оны жақында психоневрологиялық диспансерге апарған және бөлек палатаға жатқызған.

- Мен оның дұрыс жүре алмайтынын, теңселетінін байқадым. Ісініп кеткен, көздері қызарып тұр. Өзі "бұл екпе дәрілердің кесірі" деді, - дейді ол.

Наталья Абент Азаттық тілшісіне "шілденің 25-і күні таңертеңнен бері Балқаш қаласы прокуратурасының алдында тұрғанын, әпкесін босатпайынша ол жерден кетпейтінін" айтты. Прокуратура өкілі арыз жазу туралы кеңес берген.

Балқаштың психоневрологиялық диспансері өкілдері Зинаида Мухортованың денсаулығы туралы Азаттыққа қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Олар "ондай ақпараттар телефон арқылы берілмейтінін" айтады.

Шілде айында осы аурухананың бас дәрігері Рысбек Ысқақов "Зинаида Мухортованы мәжбүрлеп емдеу туралы сот шешімі күшіне енгенін" мәлімдеген еді. Дәрігер мұны Мухортованың "5-6 ай бойы өз еркімен емдеуге келмегендігімен" түсіндірген. Мухортова өз еркімен "емделуден" бас тартқан болатын.

Полиция Зинаида Мухортованы Балқаш қаласынан 2 маусым күні ұстап, психиатриялық ауруханаға күшпен жатқызған. Бұл оқиға Мухортова Балқаш қаласына келген бетте болған.

Бірнеше жыл бұрын адвокат Мухортоваға қарсы қылмыстық іс қозғалған еді. Іс оны парламент депутаты айыптаған соң ашылған. Бірақ Мухортованы кейіннен "сандырақтау" диагнозымен босатып, психиатриялық ауруханаға мәжбүрлі түрде емдеуге жіберді. Адвокатты ауруханаға бірнеше рет күшпен жатқызды.

Зинаида Мухортованың ісін халықаралық құқық қорғау ұйымдары жіті қадағалап отыр. Олар Қазақстан үкіметін "адвокатқа тағылған саяси астары бар айыптарды алып тастауға", "басқаша ойлайтын адамдарды психиатриялық клиникаларға күштеп жатқызатын советтік тәжірибені тоқтатуға" шақырады.

XS
SM
MD
LG