Accessibility links

Астанада наразылар әлі үкімет үйінің алдында тұр


Астанадағы наразылардың үкімет үйі алдына қайта келген кезі. Астана, 24 шілде 2014 жыл.

Астанадағы наразылардың үкімет үйі алдына қайта келген кезі. Астана, 24 шілде 2014 жыл.

Астанадағы үкімет үйі алдында саяжай жер телімдерін "мемлекет қажетіне" алуға наразы алты әйел бүгін де наразылықтарын білдіріп тұр. Олардың бұл акцияларына бүгін - үшінші күн. Бірінші күні жеті адам үкімет үйінің дәлізінде бала-шағасымен түнеп, түн ортасында оларды полиция алып кеткен еді. Таң ата босатылған наразылар балаларын қайтарып, үкімет үйінің алдына қайта келген. Содан бері алты адам сол жерден тарамай тұр.

26 шілде күні таңертең үкімет үйі алдында тұрған наразылардың бірі Алтын Червалиева Азаттық тілшісіне:

- Қадір түнінен бері (24 шілде) Астанадағы үкімет үйінің тап алдында тұрмыз. Бүгін де қонып шықтық. Жерімізді, баспанамызды алмасын. Үй алуға жетпейтін өтемақылары керек емес. Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулинге жолықтыруды талап етеміз. Әйтпесе, жерімізден қуып, үйімізден шығарған күні далада қаламыз - дейді.

Оның айтуынша, "Алты әйел наразылық білдіруші 10 адамның атынан шығып тұр". Червалиева "Қатарымызда көпбалалы 4 әйел бар. Олар балаларға қарап отыр" дейді.

Наразыларды полиция бақылап жүр. 26 шілде демалыс күні болғандықтан, Астана әкімдігіне, құзырлы органдарға хабарласу мүмкін болмады.

Астанадағы саяжай телімдерін "мемлекет қажетіне" алу процесі әлеуметтік проблемаға айналып отыр. Астана прокуратурасының мәліметі бойынша, "соңғы 4 жылда Астана қаласында 2000-нан астам жер учаскесі алынған".

Бірақ жер телімдері иелерінің кейбірі қала билігінің өтемақысына көңілдері толмайтынын, бұл даулы мәселе бойынша сот шығарған шешіммен келіспейтіндерін айтады. Наразылардың негізгі уәжі - "берілген өтемақыға Астанадан қайтадан баспана алу мүмкін емес". Бұған дейін бас прокуратура саяжай телімдерін мемлекет иелігіне алу «заңнама талаптарына қайшы келмейтінін» мәлімдеген еді.

Бас прокуратура мәлімдемесінде "Астана әкімдігінің әрекеттері коммерциялық мақсат көздеумен және мемлекеттік емес мүдделерді қанағаттандырумен ұштаспаған. Азаматтардың экономикалық мүдделері ескерілген - алынған саяжай учаскелеріне олардың салған қаражаттарынан үш еседен аса өтемақы төленген" деп жазылған.

Астанада жер телімдерін жергілікті билік «мемлекет қажетіне» алғанына наразы тұрғындар бұған дейін де бірнеше рет наразылық акцияларын өткізген. Полиция оларды бірнеше мәрте балаларымен қоса ұстап әкетіп, кейбірін әкімшілік жауапқа тартқан еді.

XS
SM
MD
LG