Accessibility links

Қазақстандықтар Израильден түгел ұшып шықты


Израиль полициясы палестиналықтардың шеруін таратып жүр. (Көрнекі сурет)

Израиль полициясы палестиналықтардың шеруін таратып жүр. (Көрнекі сурет)

26 шілдеге ауған түні Израильде қалып қойған Қазақстан туристерінің екінші тобы - 47 адам Тель-Авивтен Түркияның Анталья қаласына ұшты. Кеше, 25 шілде күні Израильде бөгелген қазақстандық туристердің бірінші тобы, яғни 23 адам Түркияға эвакуацияланған еді. Мұны Азаттыққа Қазақстан сыртқы істер министрлігінің (СІМ) консулдық қызмет департаменті маманы Илья Лившиц хабарлады. Ол "Қазір бізге мәлім 70 қазақстандық туристің бәрі Израильден шығарылды" деді.

СІМ маманы Израильден эвакуацияланған қазақстандықтардың ол елдегі қақтығыстардан зардап шеккені туралы мәлімет жоқ екенін айтты. Илья Лившиц бір күнге барған туристердің үш күндей бөгелу себебін "Газа секторынан Израильге зымырандар атылды. Авиакомпания ұшаққа зымыран тиюден қауіптеніп, рейстерін шегерді" деп түсіндірді.

Израиль мен ХАМАС ұйымы арасындағы қақтығыстың басталғанына 19 күн болды. Бүгін, 26 шілде күні Израиль билігі мен палестиналық ХАМАС ұйымы арасында 12 сағаттық уақытша бітім жасалды. Ол таңертеңнен кешке дейін созылады. "Гуманитарлық үзіліс" жасауды БҰҰ сұраған еді.

Бұған дейін Қазақстанның туризм индустриясы комитеті Израиль мен Палестина аумағында қарулы қақтығыс жүріп жатқанын ескертіп, туристерге ол жаққа бармауға кеңес берген.

XS
SM
MD
LG