Accessibility links

Үкімет үйі алдынан наразыларды полиция алып кетті


Үкімет үйі алдында наразылық танытып отырған әйелдер. Астана, 27 шілде 2014 жыл.

Үкімет үйі алдында наразылық танытып отырған әйелдер. Астана, 27 шілде 2014 жыл.

Астанада үкімет үйінің алдында бұрынғы саяжайдағы үйлерін сүріп, жер телімдерін "мемлекет қажетіне" алуға қарсылық танытып жатқан тұрғындарды бүгін таңертең полиция алып кетті. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулинмен кездестіруді талап етіп күндіз-түні үкімет үйі іргесінде отырған әйелдерді Есіл аудандық ішкі істер бөліміне апарған.

Наразылық танытушылардың бірі Сандуғаш Серікбаеваның айтуынша, акция өтіп жатқан жерге барған прокурор әйелдерге "рұқсат етілмеген митингі өткізуге болмайтынын" айтып, ескерту жасаған. Кейін әйелдерді полиция автобусына отырғызып, Есіл аудандық ішкі істер бөліміне жеткізген. Полиция олардан түсініктеме алған.

- Прокурор біздің митингілетіп тұрғанымызды azattyq.org сайтынан оқығанын айтып, үкімет үйі алдынан кетуімізді сұрады. Бірақ біз Нығматулинмен кездестіруді күтетінімізді айтып, автобусқа отырдық, - дейді Сандуғаш Серікбаева.

Шілденің 23-інен бері үкімет үйінің алдында наразылық білдіріп отырған тұрғындардың айтуынша, содан бері олармен тек қала әкімдігінің өкілі ғана сөйлеспекші болған. Оларды алғашқы күні полиция ұстағанымен, келесі күні босатып қоя берген еді.

Астанада баспанасы тұрған жер телімдерін «мемлекет қажетіне» алуға наразы тұрғындар бұған дейін бірнеше рет қарсылық акцияларын өткізген. Қала билігі олардың жер телімдері бұрынғы саяжай аумағында болғандықтан қазіргі ұсынылған өтемақыдан артық ақша берілмейтінін айтады. Шілденің басында бас прокуратура Астанадағы бұрынғы саяжай жерлерін мемлекет иелігіне алу «заңнама талаптарына қайшы келмейтіні» жайлы мәлімдеген еді.

XS
SM
MD
LG