Accessibility links

Көші-қон полициясы: Резвинская әзірге босқын емес


Қазақстанда "босқын мәртебесі берілді" деп хабарланған Украина азаматына әлі мұндай мәртебе берілмеді.

Бұл туралы Азаттыққа Солтүстік Қазақстан облыстық көші-қон полициясы басқармасының аға инспекторы Рима Асқарбекова хабарлады.

- Светлана Резвинская тек босқын мәртебесін сұрап өтініш қана берді. Өтініші үш ай қаралады. Мұнан соң арнайы комиссия оған босқын мәртебесін беру-бермеу мәселесін шешеді. Өтініш берген кез-келген адамға босқын мәртебесін сұрағаны туралы куәлік беріледі. Оның мерзімі тек үш ай ғана. Резвинскаяға мұндай құжат 28 шілде күні берілді, - дейді Рима Асқарбекова Азаттық тілшісіне.

Бұған дейін жергілікті БАҚ Светлана Резвинскаяның «босқын мәртебесін алғаны» туралы хабарлаған еді.

Рима Асқарбекованың айтуынша, Светлана Резвинская Қазақстанға екі баласымен келген. Қазір Петропавл қаласында балаларымен тұрып жатыр. Ал қалған екі баласы мен күйеуі, енесі Украинада қалған.

- Светлана Резвинскаяның өзі Қазақстанда туған. Ол мұнда тек уақытша тұрғысы келеді, яғни жағдай орныққан соң қайтқысы келетінін білдірген, - дейді Асқарбекова.

Азаттық тілшісі әзірге Светлана Резвинскаямен хабарласа алмады.

Маусым айының соңында Украина азаматы Светлана Резвинскаяның төрт және тоғыз жастағы баласымен бірге Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтпек болғаны туралы хабарланған болатын.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG