Accessibility links

Теңге және Батыстың Ресейге қарсы санкциялары


Ақша айырбастау орны. Алматы, 31 маусым 2014 жыл.
Ақша айырбастау орны. Алматы, 31 маусым 2014 жыл.

Қазақстан ұлттық банкі «Батыстың Ресейге қарсы санкциялары күшеюіне байланысты скептиктердің болжамына қарамастан, теңге курсы өсті» деп мәлімдейді. Билік ақшаны доллармен емес, теңгемен сақтауға шақырады.

Әлеуметтік желілердегі оптимистер мен скептиктер арасында Батыс санкцияларының күшеюі Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің бірі Ресейдің қаржылық ахуалына қалай әсер етеді деген дауды қоздырды. Кейбіреулер Ресей рублі құлдырауына байланысты биыл ақпанда теңге бірден 19 пайызға девальвацияға ұшырағанын ескертеді. Қазақстанның ресми қаржы мекемелері оптимистік болжам жасайды.

Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Олжас Құдайбергенов Facebook желісіндегі парақшасында шілденің 31-і күні Қазақстан қор биржасында таңғы сауда сессиясында теңге 25 тиынға нығайғанын жазып, «Қауесеттің құны осы!» деп тұжырымдайды

Asyl Invest брокерлік компаниясы сарапшысы Айбар Бәйкенов қысқа және орташа мерзімді перспективада теңгенің девальвацияға ұшырауына негіз жоқ деп санайды.

Ақша айырбастау орны алдынан өтіп бара жатқан адамдар. Алматы, 31 маусым 2014 жыл.
Ақша айырбастау орны алдынан өтіп бара жатқан адамдар. Алматы, 31 маусым 2014 жыл.

– Рубль-доллар мен рубль-теңге курстарын басты назарда ұстау қажет. Ақпандағы девальвациядан кейін біздің билік рубль бағамын бес теңгеден жоғары ұстауға тырысатыны түсінікті болды. Әзірше рубль құны бес теңгеден жоғары болып тұрғанда бізде үлкен өзгерістер бола қоймас, – деп болжайды Айбар Бәйкенов.

Бірақ ол соңғы екі девальвациядан кейін халықтың теңгеге деген сенімі азайды деп санайды.

Қазақстандағы ақшаны сақтаудың кең тараған құралы – депозиттер бойынша цифрлар нарықтағы кейбір тенденциядан хабар береді. Ақпандағы девальвацияға дейін халық ақшасын көбінесе теңгемен ашылған депозитте сақтаса, ақпаннан кейін валюталық салымдардың үлес салмағы артты. Қазір валюталық депозиттер көлемі теңге салымдары көлемінен артқан.

ИНФОГРАФИКА: Банктердегі депозит көлемі (миллион теңгемен)

Қаржылық кеңесші әрі отбасы бюджетін жүргізу туралы құралдардың авторы Сергей Кутузовтың пайымдауынша, тәуекелден сақтанған жұрт жиған ақшасын долларға айырбастауға тырысады. Оның айтуынша, бұл – девальвациядан шошынып қалған жұрттың «тікелей реакциясы». Бірақ бір жағынан, бұл – жұрттың қаржылық сауаттылығы артып, тәуекелді диверсификациялауға тырысуының көрінісі.

Әрине, сенімсіздік те бар, бірақ бұл сенімсіздік жалғыз теңгеге ғана қатысты емес. Жұрт инфляциялық процестерден қорқады.

– Әрине, сенімсіздік те бар, бірақ бұл сенімсіздік жалғыз теңгеге ғана қатысты емес. Жұрт инфляциялық процестерден қорқады. Дағдарыс сырттан келіп жатыр дегенді естіген жұрт жиған-тергенін валютаға ауыстыруға мәжбүр болады. Мысалы, 2009 жылғы девальвацияның себебін әлемдік қаржы дағдарысына сілтеді, ал ақпандағы девальвацияны рубльдің құнсыздануымен байланыстырды. Экономикамыз Кеден Одағымен тығыз байланысты болғандықтан, әрі рубль құлдырап бара жатқандықтан девальвация туралы болжамның жаны бар, – дейді Сергей Кутузов Азаттық тілшісіне.

Қазақстанның қаржы билігі дедолларизация (экономикадан долларды ығыстыру) туралы мәлімдегелі талай жыл болды. Биыл валюталық депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі төмендеп, теңге салымдарының сыйақысы көтерілген. Өткен аптада ұлттық банк төрағасының орынбасары Қуат Қожахметов мемлекеттік телеарна эфирінде валюталық салымдарға қарағанда пайыздық мөлшерлемесі екі жарым есе көп болғандықтан, депозитті теңгемен ашқан тиімдірек екенін айтқан еді.

Шілденің 31-і күні ұлттық банк биржасында 1 АҚШ доллары 183 теңге 53 тиыннан сатылды. Соңғы бірнеше ай қатарынан бұл курс тұрақты болып тұр.

XS
SM
MD
LG