Accessibility links

Сот Ұлттық банкке қарсы шағымды қанағаттандырмады


Ұлттық банкке қарсы шағымданған адвокат Анатолий Утбанов. Астана, 1 тамыз 2014 жыл.
Ұлттық банкке қарсы шағымданған адвокат Анатолий Утбанов. Астана, 1 тамыз 2014 жыл.

Бүгін Астананың Сарыарқа аудандық соты адвокат Анатолий Утбановтың Ұлттық банктің үстінен теңге девальвациясына қатысты берген шағымын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарды. Бүгінгі сотқа шағымданушы адвокаттың көмекшісінен басқа Ұлттық банк тарапынан ешкім қатыспады.

Утбанов Ұлттық банктен ақпан айында болған девальвацияның не себепті жасалғанын және ол туралы шешімді кім қабылдағанын сұраған еді. Бірақ белгілегенген тәртіп бойынша сауалына 15 күн ішінде жауап берілмегендіктен, соттан сауалына кесімді мерзімде жауап бермеген Ұлттық банктің әрекетін заңсыз деп тануды сұраған.

"Егер банк сауалыма тиісті мерзімде жауап бергенде сотқа жүгінбеген болар едім" дейді Утбанов. Оның айтуынша, сауал жолдауына Ұлттық банк басшысының девальвация туралы шешім қабылданғанын "кеше ғана естідім" деген мәлімдемесі себеп болған. Адвокатқа 60 күннен астам уақыттан соң келген жауап хатта банк оған қажетті мәліметті ақпарат құралдарынан алуды ұсынған.

Ұлттық банк биыл ақпанның 11-і күні теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бұрынғы бағамын ұстап тұрудан бас тартып, доллар бағамын 185 теңге деп белгілеген еді. Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов теңгенің құнсыздануын "әлемдік қаржы нарықтарындағы тұрақсыздықпен, Ресей рублінің арзандауымен" түсіндірген.

XS
SM
MD
LG