Accessibility links

Астанада наразы тұрғындар аштық жариялады


Жері "мемлекетке қажет" тұрғын Алтын Червалиеваның үйі. Астана, 29 шілде 2014 жыл.
Жері "мемлекетке қажет" тұрғын Алтын Червалиеваның үйі. Астана, 29 шілде 2014 жыл.

Бүгін таңертең Астанада бес әйел аштық жариялады. Олар билікке наразылық акциясын 8 тамыз күні қала билігі үйін сүріп, жерін "мемлекет қажетіне" алады деп белгіленген бұрынғы саяжай аумағында тұратын Алтын Червалиеваның үйінде жариялап жатыр.

Бес әйел өздерінің баспаналары тұрған жер телімін "мемлекет мұқтажына" алғалы жатқан Астана әкімдігін "жерімізді өзге адамдарға алып бермек" деп кінәлайды. Әйелдер қала билігінен сотқа өздерін күштеп көшіру туралы берген шағымын қайтарып алуды талап етеді.

Өткен айда жоғары билік өкілімен кездестіруді талап етіп, үкімет үйі алдында алты тәулік бойы отырған әйелдердің өкілдерін 1 тамыз күні президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулин қабылдаған. Әйелдер одан өздерін президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді сұраған.

Астанада баспанасы тұрған жер телімдерін «мемлекет қажетіне» алуға наразы тұрғындар бұған дейін бірнеше рет қарсылық акцияларын өткізген. Қала билігі олардың жер телімдері бұрынғы саяжай аумағында болғандықтан қазіргі ұсынылған өтемақы - орташа есеппен әрқайсысына 5 миллион теңге - мөлшерінен артық ақша берілмейтінін айтады. Шілдеде бас прокуратура Астанадағы бұрынғы саяжай жерлерін мемлекет иелігіне алу «заң талаптарына қайшы келмейтінін» мәлімдеген еді.

XS
SM
MD
LG