Accessibility links

Жоғарғы сот алқасы «Правдивая газетаны» жабуды құптады


"Правдивая газетаның" бірінші саны. 24 сәуір 2013 жыл.

"Правдивая газетаның" бірінші саны. 24 сәуір 2013 жыл.

Қазақстан Жоғарғы соты оппозициялық «Правдивая газетаны» жабу туралы сот шешімін күшінде қалдырды. 21 тамыз күні Жоғарғы соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі алқасы сот шешіміне қатысты басылымның берген шағымын қанағаттандырудан бас тартты.

Газеттің өкілі Рамазан Есіргепов енді Қазақстан бас прокурорына, онан соң БҰҰ комитетіне шағымданатындарын айтады.

– Жоғарғы сотқа берген шағымда біз сот шешіміндегі жүйелі түрде заң бұзушылық деген не екендігін және ондай жайттардың болғанын анықтайтын филиологиялық сараптама жүргізуді сұраған едік. Заң бұзушылық деп көрсетілген жайттың бірі баспахананың кінәсінен кеткені туралы олардың өздері фирмалық қағазында жазған хаты бар, бірақ сот оны назарға алмады, - деді Рамазан Есіргепов Азаттыққа.

Тілшіміздің хабарлауынша, бейсенбі күні Жоғарғы соттағы отырысқа барған Еуропа Одағы бақылаушысы мен бірнеше журналисті ғимаратқа кіргізбей, бір сағаттан артық бөгеген. Сотқа қатысуға жіберілген газет өкілі Рамазан Есіргепов мен ғимарат сыртында қалған адамдардың бірнеше мәрте табанды түрде айтқан талабынан соң ғана оларды Жоғарғы сотқа кіргізген. Бірақ диктофон, фотоаппарат, планшет және телефондарын өздерімен алып кіруге рұқсат етпей, алып қалған.

Алматы қаласының Бостандық аудандық соты 24 ақпан күні аудан прокурорының «Правдивая газетаның» былтыр үш рет әкімшілік санкцияға ұшырағанын негіз етіп, басылымды жабуды сұраған талабын қанағаттандыру туралы шешім шығарған еді.

Ал 18 сәуір күні Алматы қаласының апелляциялық соты оппозициялық газетті жабу туралы бұған дейін шыққан сот шешімін күшінде қалдырған болатын.

XS
SM
MD
LG