Accessibility links

Астанада аштық жариялағандар «нәр татпауға» көшті


Үйлерін сүруге қарсы аштық жариялап жатқан әйелдер. Астана, 22 тамыз 2014 жыл.

Үйлерін сүруге қарсы аштық жариялап жатқан әйелдер. Астана, 22 тамыз 2014 жыл.

Астанада жері "мемлекетке қажет" деп танылған үйлерін сүруге қарсылық білдіріп, он алты күн бойы аштық акциясын жариялап жатқан бес әйел бүгіннен бастап су ішуден бас тартқан. 22 тамыз күні аштық акциясына тағы бір әйел - Елена Овчарова қосылды. Алдағы уақытта оның үйі де сүрілуі тиіс.

Әйелдердің өкілі Ольга Рубахованың Азаттыққа айтуынша, аштық жариялаушылардың өздері сұхбат берерліктей халде емес. Алты күн сусыз аштық ұстаса, адам ағзасында денсаулыққа зардап келтіретін процестер басталады деп ескертті ол.

- Әйелдер биліктен ешқандай жауап болмаған соң нәр татпай аштық ұстауды бастады. Тіпті президент әкімшілігінде біздің арызымызды тіркемей отыр. Бұл биліктің бізді елемей отырғанын, бізге "түкірдім" дегенін білдіреді,- дейді Ольга Рубахова.

Оның сөзінше, қазір аштық жариялаушыларға жедел медициналық жәрдем қызметі келуді қойған. Әйелдердің денсаулығын дәрігерлер де бақыламайды. Алда-жалда біреуінің жағдайы нашарласа дәрігерді өздері шақыртады.

Бес әйел Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауын талап етіп, 6 тамызда аштық акциясын бастаған. Олар қазір қалаға өткен, бұрынғы саяжайда салынған үйлерінің сүріліп, жерінің "мемлекет қажетіне" алынуына қарсы. Аштық жариялағандар арасында жүкті әйел де бар. Билік бұл әйелдердің отбасылары тұрып келген үйлер заңды негізде сүріліп жатқанын, оларға «құнына сай» өтемақы төленгенін айтады.

15 тамыз күні аштық жариялаушылардың бірі Алтын Червалиеваның үйі сүрілген. Қазір акция өтіп жатқан үй де сүрілуі тиіс болған. Бірақ сот орындаушылары әзірге ол үйге барған жоқ.

XS
SM
MD
LG