Accessibility links

Киев гуманитарлық керуеннің кіргеніне наразы


Ресей туын ұстаған адам "гуманитарлық көмек" тиеген көлікті қарсы алып тұр. Украина, 22 тамыз 2014 жыл.

Ресей туын ұстаған адам "гуманитарлық көмек" тиеген көлікті қарсы алып тұр. Украина, 22 тамыз 2014 жыл.

Украина қауіпсіздік қызметі басшысы Валентин Наливайченко ресейлік "гуманитарлық көмек" тиеген жүк көліктерінің Украинаға өтуін "Ресейдің басып кіруі" деп сипаттады. "Қызыл Крестің немкетті бақылауымен әскери көліктер кірді" деді ол, "Интерфакс-Украина" агентігінің хабарлауынша.

Украина шекара қызметінің айтуынша, ресейлік көліктер жүкті рәсімдеу жайлы келісімді елемей, Халықаралық Қызыл Крест комитеті (ХҚКК) өкілдерінің бақылауынсыз қозғалып кеткен.

Украина қауіпсіздік кеңесі өкілі Андрей Лысенко гуманитарлық колоннаның жауапкершілігі Ресейге тиесілі екенін, Украинаға 90 жүк көлігі кіргенін, ресейліктер ол көліктерге украиналық шекарашылар мен кеденшілерді де, ХҚКК өкілдерін де жолатпағанын айтады.

Ресейдің "гуманитарлық жүк" тиеген алғашқы көліктері ресейшіл сепаратистер бақылауындағы украиналық "Изварино" бақылау-өткізу пунктінен өткенін ресейлік ақпарат құралдары бүгін хабарлай бастаған.

Бұған дейін Ресей гуманитарлық жүкті Украинаның Луганск облысына өз бетімен жібере беру туралы біржақты шешім қабылдағанын мәлімдеген. Ресей сыртқы істер министрлігі Киевтің "көмек жүкті жіберуді соза түсу үшін келтірген сылтауы таусылғанын" айтқан.

"Жаңадан бір ойдан шығарылған талаптар мен сылтауларды көлденең тарта беру енді қорлау болып саналады" делінген министрлік сайтындағы мәлімдемеде. Мәскеу бұған қоса Украина жағымен және ХҚКК-мен бірлесе жеткізілетін жүкті қандай да бір арандатушылыққа ұшыратып алмауды ескерткен.

Бұған дейін ХҚКК өкілдері Украинадағы қақтығысушы жақтардан өз қызметкерлерінің қауіпсіздігіне кепілдік беруді талап етіп, керуен Ресей-Украина шекарасынан Луганск облысына қарай қозғала алмай тұрғаны хабарланған.

280 "КамАЗ" көлігіне тиелген "гуманитарлық көмек" Мәскеу маңынан 12 тамызда шығып, екі күннен соң шекараға жеткен. Ресей, Украина және ХҚКК арасында жасалған келісім бойынша, гуманитарлық жүк керуені Луганскіге дейін еш жерге тоқтамай жетуі тиіс болатын.

XS
SM
MD
LG