Accessibility links

БҰҰ ҚК Джеймс Фоулиді өлтіргендерді айыптады


АҚШ журналисі Джеймс Фоли. Алеппо, Сирия, 5 қараша 2012 жыл.
АҚШ журналисі Джеймс Фоли. Алеппо, Сирия, 5 қараша 2012 жыл.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесі (БҰҰ ҚК) америкалық журналист Джеймс Фоулиді өлтіргендерді қатаң айыптап, қазаға қатысы бар «Ислам мемлекеті» ұйымы содырларының ісін «жиіркенішті және қорқақтық» деп атады.

«Бұл оқиға Сирияда журналистер күнделікті қандай қауіп-қатерге кезігетінін ескертетін қайғылы жайт. Бұл сонымен бірге Сирия мен Иракта халыққа қарсы жасалған мыңдаған шабуылдарға жауапты «Ислам мемлекеті» ұйымының қатыгездігін кезекті рет көрсетті» делінген жұма күні БҰҚ ҚК бірауыздан қабылдаған мәлімдемеде.

БҰҰ ҚК мүшелері Джеймс Фоулидің қазасына кінәлілерді түгелдей жауапқа тартуға және төзімсіздік идеологиясын ұстанған жиһадшыларға тойтарыс беруге шақырған.

19 тамыз күні «Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары 2012 жылы қарашада Сирияда ұрланған АҚШ журналисі Джеймс Фоулидің басын алғаны туралы бейнежазбаны интернетте жариялаған. Олар өздерінің қолында тағы бір америкалық журналист – Стив Сотлофф бар екенін, егер АҚШ Ирактағы исламшыл содырларға қарсы соққы беруді тоқтатпаса, ол да Фоулидің кебін құшады деп қорқытқан.

Ислам халифатын орнатуды көксейтін «Ислам мемлекеті» ұйымы соңғы бірнеше айда Ирак пен Сирияның ауқымды бөлігін басып алған. Исламшыл содырлардың қарқынды шабуылдары АҚШ билігін оларға қарсы әуеден соққы беруге мәжбүр еткен.

XS
SM
MD
LG