Accessibility links

Германия Донбасты жаңғыртуға 500 миллион еуро бермек


Германия канцлері Ангела Меркель (сол жақта) мен Украина президенті Петр Порошенко баспасөз жиынында. Киев, 23 тамыз 2014 жыл.

Германия канцлері Ангела Меркель (сол жақта) мен Украина президенті Петр Порошенко баспасөз жиынында. Киев, 23 тамыз 2014 жыл.

Киевте өткен кездесуде Германия канцлері Ангела Меркель мен Украина президенті Петр Порошенко Донбасты қалпына келтіруге арналған қор құру туралы келісті. Қыркүйек айында құрылады деп жоспарланған жаңа қорға Германия алғашқы салым ретінде 500 миллион еуро бермекші.

Сенбі күні екі ел басшыларының Киевте бірге өткізген баспасөз мәслихатында Германия канцлері Украинаның шығысындағы қарулы қақтығыстарды тоқтату негізгі міндет екендігін тағы да қайталады. Оның айтуынша, жанжалды бейбіт жолмен реттеу тек тараптардың өзара келісімі болған жағдайда және Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының қатысуымен ресей-украина шекарасы қатаң бақылауға алынғанда ғана мүмкін болмақ.

Меркель Киевтің билікті орталықсыздандыруға деген ниетін «жақсы нышан» деп атады. Өз кезегінде Украина президенті елдің шығысында бейбітшілік орнауы үшін қолдан келетін бар мүмкіндікті пайдаланатынын мәлімдеді.

Меркель егер Украинаның шығысында ахуал ушығатын болса Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізілуі ықтимал екенін жоққа шығармайтынын ескерткен.

Кездесу қортындысында Порошенко Меркельді «Украинаның жанашыр досы әрі күшті адвокаты» деп атады. Ол Украина тамыздың 26-сы күні Минск қаласында Ресей, Қазақстан және Беларусь президенттерінің қатысуымен өтетін кездесуге дейін өз ұстанымын Еуропа Одағымен келісіп алатынын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG