Accessibility links

Жікшіл Абхазияда жаңа президент сайланғаны хабарланды


Абхазия президенті сайлауына дауыс беруге арналған, мөлдір заттан жасалған жәшік. Мәскеу, 21 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Абхазия президенті сайлауына дауыс беруге арналған, мөлдір заттан жасалған жәшік. Мәскеу, 21 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Грузияның өзін-өзі «тәуелсіз республика» деп жариялаған Абхазия аймағында 24 тамыз күні өткен президент сайлауында Рауль Хаджимба жеңіске жетті деп хабарланды.

ИТАР-ТАСС агенттігінің Абхазия орталық сайлау комиссиясына сілтеме жасап хабарлауынша, барлық бюллетендер есептеліп шыққаннан кейінгі мәлімет бойынша, дауыс беруге қатысқандардың 50.54 пайызы Хаджимбаны қолдаған. Оның негізгі бәсекелесі Аслан Бжания 35.91 пайыз дауыс жинаған. Мираб Кишмария – 6.4 пайыз, ал Леонид Дзапшба – 3.4 пайыз дауыс алған.

Хаджимба 2004 жылдан бері үш рет президенттік сайлауға түсіп, бірақ жеңіліп келген еді. Бұл жолғы сайлауға түскен кандидаттардың төртеуі де бұған дейін Абхазияға қаржылай және саяси қолдау көрсететін Ресеймен тығыз қарым-қатынасты қолдайтындарын білдірген.

Саяси реформаларды, соның ішінде президенттің өкілетін шектейтін өзгерістер жасауды талап еткен оппозицияның қысымы Абхазия президенті Александр Анквабты биыл маусым айында отставкаға кетуге мәжбүр еткен болатын.

Грузия билігі Абхазиядағы бұл сайлауды заңсыз деп, оны мойындаудан бас тартқан.

1993 жылы Грузиядан тәуелсіздігін біржақты түрде жариялаған Абхазияны Мәскеу 2008 жылы, Ресей-Грузия қарулы жанжалынан соң, тәуелсіз республика деп таныған.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы қабылдаған қарарларда Абхазия Грузияның құрамдас бөлігі ретінде аталған.

XS
SM
MD
LG