Accessibility links

ҚАЖК: Арон Едігеев ауруханада емделуді қажет етпейді


Шаңырақ оқиғасы кезінде аяғынан жарақат алған диссидент, ақын Арон Атабек (Едігеев). Алматы, 13 мамыр 2006 жыл.

Шаңырақ оқиғасы кезінде аяғынан жарақат алған диссидент, ақын Арон Атабек (Едігеев). Алматы, 13 мамыр 2006 жыл.

Азаттыққа берген ресми жауабында республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) Павлодар қаласындағы тергеу абақтысында (АП-162/1 мекемесі) жазасын өтеп жатқан диссидент Арон Едігеевтің (Атабек) жағдайын «қанағаттанарлық» деп сипаттаған.

«Стационарлық емді қажет етпейді. Консерваторлық ем қабылдау үшін қабынуға қарсы дәрі-дәрмектер ұсынылды. Қазіргі кезде Арон Едігеевтің жағдайы жалпы қанағаттанарлық, медициналық бақылау және қажетті еммен толық көлемде қамтамасыз етілген. Кәсіби мамандар ұсынған консерваторлық ем қабылдап жатыр» делінген жауапта.

Бұған дейін ҚАЖК шілденің 9-ы күні Арон Атабектің «денсаулығын мамандардың тексеріп, қосымша ем тағайындалғанын» хабарлаған болатын. Олардың жазуынша, шілденің 17-сі күні Арон Атабектің сол аяғының тізе буынына компьютерлік томография жасалған. Соның нәтижесінде «сол аяқтың тізе буынының 2-дәрежелі остеоартрозы», «тізе асты шұқырында киста бар» деген қорытынды жасалған.

Тамыз айының басында қоғамдық белсенділер ауруының асқынғанына қарамастан Арон Атабектің камералық үлгідегі үй жайда қамалуы төрт айға ұзартылғаны туралы жазған еді. Бұл жайында ҚАЖК: «Сотталған Арон Едігеев жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзғаны үшін мекеме басшысының қаулысымен Қазақстан республикасы қылмыстық-атқару кодексінің талаптарына сәйкес камералық үлгідегі үй жайда қамалуы төрт ай мерзімге ұзартылды» деген.

Тамыз айының басында құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook-парақшасында Арон Атабектен денсаулығына шағымданған хат алғанын жазған еді. Хатта тұтқын аяғының қатты мазалап жүргенін айтып, медициналық көмек сұраған.

Сегіз жылдан бері түрмеде отырған 61 жастағы Арон Атабек екі мәрте «түрме ішіндегі түрмеге» қамалып жазаланған, яғни хат-хабар алу және жіберу мен кездесу құқығынан айрылып, ұзақ уақыт жалғыз кісілік камерада отырған. 2013 жылдың желтоқсанынан бері оны бір тергеу изоляторынан екіншісіне ауыстырумен келеді. Атабектің өзінің сөзінше, оны «әр жолы жағдайы ең нашар жерге ауыстырып отырған». Арон Атабек хаттарында Павлодардағы тергеу абақтысында өзін көбінесе айып абақтысында немесе камерада қамап ұстайтынын, осы жағдай денсаулығын күрт нашарлатып жібергенін жазған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG