Accessibility links

Украинаның жүзден астам сарбазы қоршаудан шықты


Донецк облысындағы Иловайск маңында түнде жүзден астам Украина жауынгері қоршауда қалған еді. «Донбасс» батальонының командирі Семен Семенченконың айтуынша, Иловайск түбіндегі жауынгерлер қоршаудан шыққан. Бірақ тағы осынша сарбаз Новокатериновка, Старнобешево, Червонопольское елді мекендерінде қоршауда тұр.

Донецкідегі қақтығыстардан кейінгі тәулікте екі жергілікті тұрғын қаза тапты. Бұл туралы Донецк қалалық кеңесі хабарлады. Қалада бірнеше үй қираған, атыс пен жарылыстар болып жатыр. Донецк облысында сепаратистермен соғысып жатқан Украина әскері Комсомольский қаласын қорғауға кірісті.

Луганск облысында Украина әскері Крымское және Сокольники елді мекендері маңында ұрыс жүргізіп жатыр. Үкімет әскері Хрящеватое және Новосветловка селоларын тастап шығып, Луганск маңында қорғанысқа әзірленді.

Украина билігінің мәліметі бойынша, кейінгі күндері елдің шығыс аймағында 20 шақты қарулы қақтығыс болған. Украина әскері қарсы жақтың бірнеше зеңбіректері мен танкілерін, «Град» құрылғыларын істен шығарған. Многополье, Станично-Луганское, Георгиевка, Малониколаевка және Комсомольское елді мекендерінде Украина әскеріне шабуыл жасалып жатыр.

Үкімет әскері Мариуполь қаласын қорғынасқа дайындауға кірісті. 27 тамыз күні Новоазовск қаласын сепаратистер басып алған еді. Киев енді олар теңіз жағасындағы Мариупольге шабуыл жасайды деп қауіптеніп отыр.

XS
SM
MD
LG