Accessibility links

Еуропа одағы Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізбек


Украина президенті Петр Порошенко.

Украина президенті Петр Порошенко.

Украина президенті Петр Порошенко Еуропа Одағы елдерінің Ресейге қарсы жаңа санкциялар дайындауға келіскені жайлы мәлімдеді. Оның сөзінше, жаңа санкцияларды енгізу процесі Киев ұсынған бейбітшілік жоспарының жүзеге асуына байланысты болмақ.

Сенбі күні Еуропа Одағы (ЕО) саммиті өтіп жатқан Брюссельде баспасөз мәслихатында Порошенко дүйсенбі күні Украина, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және Ресей өкілдерінің қатысуымен Минскіде өтетін кездесуде атысты тоқтату туралы келісімге қол жетеді деп үміттенетінін білдірді.

Саммит алдында Еуроодаққа мүше елдер басшыларының көпшілігі егер Ресей Украинаға қатысты ұстанымын өзгертпейтін болса, ЕО Ресейге қарсы санкцияларды қатаңдатуға дайын болуы керек деп мәлімдеген.

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Украина жерінде ресейлік әскердің болғанын қабылдауға келмейтінін ұғыну қажеттігін мәлімдеген. «Мәскеу Украинаға шабуылы арқылы іс жүзінде Еуропамен соғыс жағдайына өтті» деген Литва президенті Даля Грибаускайте дереу Киевке әскери көмек беруді бастауға шақырған. Еурокомиссия төрағасы Жозе Мануэль Баррозу украин дағдарысы «шырқау шегінен асуға» жақын қалғанын ескертті. Ол ЕО Ресеймен тайталасуды қаламайтынын, жаңа қырғи-қабақ соғыстың бүкіл Еуропа құрлығы үшін құрдымға айналуы мүмкін екенін айтқан.

XS
SM
MD
LG