Accessibility links

Храпунов Швейцариядағы өмірі мен есепшоттары туралы айтты


Виктор Храпунов. (Сурет Виктор Храпуновтың сайтынан алынды).

Виктор Храпунов. (Сурет Виктор Храпуновтың сайтынан алынды).

Қазақстанның бұрынғы топ-шенеунігі, қазір Швейцарияда тұратын саяси эмигрант Виктор Храпунов Азаттыққа берген сұқбатында баласының Швейцариядағы бизнесі жайлы да айтты.

Қазақстан билігі Виктор Храпуновқа ірі коррупциялық айыптар бойынша іздеу жариялаған. Үкіметте лауазымды қызметтер атқарған ол жеті жыл бойы Қазақстанның ең ірі қаласы Алматы әкімі болған.

65 жастағы Виктор Храпунов 2007 жылдан бері отбасымен бірге Женева қаласында тұрады. Храпуновтың Азаттыққа берген сұхбатында айтуынша, Қазақстанның оны экстрадициялау туралы өтінішін Швейцария билігі орындаудан бас тартқан және қазір аты-жөнін Швейцария байларының тізімінен алып тастаған.

Виктор Храпунов: - 2014 жылы маусымның 19-ында Швейцарияның федералдық әділет органдары мені Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты. Менің білуімше, бұл - Қазақстаннан түскен екінші өтініш. Швейцария «Қазақстанда адам құқығы сақталмайды, өзгеше ойлайтын жандар саяси көзқарастары үшін қудаланады» деп нақты жауап бергеніне қарағанда, меніңше, бұл - түпкілікті шешім. Қазақстан енді ондай өтініш жолдай қоймас деп ойлаймын. Қазақстан билігіне «эстрадициялау мүмкін емес» деп нақты жауап берілді.

Азаттық: - Қазақстан билігінің өтініші бойынша Швейцарияда тергеу амалдары басталуына байланысты сізге және отбасыңызға қойылған шектеулер қазір алынып тасталды ма?

Виктор Храпунов: - Бұл Женева қаласы прокуратурасының Қазақстанның заңды көмек көрсету туралы өтінішіне қайтарған жауабы ғана. Қазақстан 2012 жылы өтініш әзірлеп, оны жолдау үшін заң компаниясын жалдағанын ескерген Швейцария өтінішті қабылдағанын әрі маған және отбасыма қарсы Қазақстан билігі қолдан жасаған істерді тексеруге кіріскенін растауға мәжбүр болды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Виктор Храпунов. 2000 жыл.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Виктор Храпунов. 2000 жыл.

Бізге моральдық және материалдық тұрғыдан зиян келтірген Назарбаев режимі оны толық өтеп береріне сенімдімін. Жүріп-тұруымыз біраз шектелгендіктен қазір аздаған қиындық көріп жатырмыз. Бірақ бұл уақытша құбылыс деп ойлаймын.

Швейцария Қазақстанмен арада жасалған келісімге сәйкес шектеу қойды. Қазақстан арызы негізінде қазір тексеру жүріп жатыр. Жұбайым екеумізге «түсінік беруші тұлға» статусын берді.

Банкте есепшоттарым жоқ, болған да емес. Сондықтан бұл шараның маған қатысы жоқ. Отбасылық есепшоттарымызды ешкім қамау салған жоқ, мұнда ешкім бізге қатысты қылмыстық іс қозғаған жоқ. Қаржылық ресурстарымызды пайдалануға шектеу қойылды. Бірақ коммуналдық қызмет ақысын, салықты уақытында төлейміз, азық-түлік, киім-кешекті еркін сатып аламыз.

Азаттық: - Бірақ ірі сомада ақша ала алмайсыздар ғой?

Виктор Храпунов: - Прокурордың келісімінсіз ірі сома жұмсай алмаймыз. Қазіргі кездегі жалғыз шектеу осы ғана.

Азаттық: - Швейцарияның Bilanz журналы сізді 300-400 миллион швейцар франк ақшасы бар ең бай 300 адамның тізіміне кіргізді. Қазақстан тергеу органдарының болжамынша, шетелдегі жылжымайтын мүлік сияқты құны миллиондаған франктік дүниеңіз бар. Бұл капиталдың қайдан шыққанын түсіндіре аласыз ба?

Виктор Храпунов: - Қазақстанда да, Қазақстаннан тыс жерде де ешқандай дүнием, ешқандай жылжымайтын мүлкім жоқ. Кезінде Алматыда отбасым тұратын үй салғанмын, кейін оны сатып жібердім.

2009 жылдың аяғында Швейцариядағы шағын бір газет әлдебір журналистің хабарламасын жариялады. Әлгі журналист бірер айдан кейін Швейцариядан кетіп қалды, қазір басқа елде тұрады. Швейцарияның «Форбс» басылымы сияқты Bilanz журналы әлгі хабарлама негізінде біздің аты-жөнімізді байлар тізіміне қосып, отбасымыздың капиталы - 300 миллион швейцар франк деп жазған.

Әлгі ақпараттың қалай пайда болғанын қазір жақсы түсінемін. Қазақстанда белгілі бір құрылымды тексеру үшін оның үстінен құпия шағым түсіріледі. Президентке кіріп, «Осындай деректер бар, тексерейік пе?» деп сұрайды. Ол «тексеріңдер» деген жарлық береді. Тексеру басталып, кейін президентке «ақпарат жарым-жартылай расталды» деп хабарлайды.

Виктор Храпуновтың Ақордада тұрған бір сәті. Астана. 14 тамыз, 2007 жыл.

Виктор Храпуновтың Ақордада тұрған бір сәті. Астана. 14 тамыз, 2007 жыл.

Мұнда да арнайы қызмет дәл солай жұмыс істеген. Мүмкін, әлдебір мәміле болып, әлдебір газетке белгілі бір ақпаратты жариялауға мүмкіндік берген шығар. Сылтау таппағандықтан айыптауды қолдан жасау үшін ілік керек болды. Бірақ жазалау машинасы іске қосылып, өз міндетін орындады.

Bilanz журналы редакциясы Храпуновтар отбасының қаржылық ахуалы туралы нақты деректер тапқан соң біздің аты-жөніміз Швейцарияның ең бай 300 адамы тізімінен алынып тасталды. Бірақ Қазақстан қаржы полициясы өз әрекетін тоқтатпады.

Азаттық: - Жуырда Интерпол арқылы сіздің ұлыңыз әрі қазір Францияда қамауда отырған саяси эмигрант, Қазақстан билігінің сыншысы Мұхтар Әблязовтің қызы Мәдинаның ері Ілияс Храпуновқа іздеу жарияланды. Бұл жағдай ұлыңыздың өмірі мен Швейцариядағы бизнесіне, жүріп-тұруына қалай әсер етті?

Виктор Храпунов: - Интерпол арқылы іздеу жарияланған адамдар тізіміне Ілиясты енгізу - Қазақстанның, президент Назарбаевтың жеке өзінің отбасымызды саяси қудалауының жалғасы.

Бірақ Интерпол бізге қатысты ешқандай шара қолданған жоқ, өйткені бұл Қазақстан біреуге іздеу жариялады дегенді ескертетін жай хабарландыру тақтасы ғана.

2012 жылы маған, кейінірек жұбайым Ләйла Қалибекқызына іздеу жариялаған. Ілияс бұл тізімге биыл - Мұхтар Әблязовтің отбасын қорғауды ұйымдастыра бастаған соң ілікті. Оның бұл әрекеті Қазақстан президентінің қитығына тиген соң тиісті жарлық берілген. Оған 1998-2004 жылдары қылмыс жасады деген айыптар тағылған. Ал ол кезде Ілияс әлі мектеп оқушысы болатын әрі Қазақстанда тұрған жоқ. Жүріп-тұруына әлдебір шектеулер қойылды. Бірақ Ілияс бизнестегі әріптестеріне «жасыратын ештеңем жоқ» деп бәрін ашық айтып берген. Оның ​адалдығына ешкім шүбә келтірмейді.

Ілияс Храпуновқа іздеу жарияланғаны туралы Интерпол сайтындағы мәлімет.

Ілияс Храпуновқа іздеу жарияланғаны туралы Интерпол сайтындағы мәлімет.

Азаттық: - Ол бизнесімен әлі айналысып жүр ме?

Виктор Храпунов: - Кейбір жобаларға қатысудан бас тартқаны туралы хабар тараған. Бірақ ол жағын жетік білмеймін. Жұрт «біреулер көмектескен, ықпал еткен» деген сияқты әңгімелер айтпасын деп, университетті бітірген соң бизнесті өзі бастаған. Содан бері әлі өз күшімен жүргізіп келеді.

Азаттық: - Ал бизнес бастауға ақшаны қайдан алды әлде сіз көмектестіңіз бе?

Виктор Храпунов: - Жоқ, көмектескен жоқпын. Бизнес бастағанда ақшаны қайдан алғанын баспасөз өкілдеріне өзі айтып берген. Кезінде несие алып жұмыс істеген. Өркениетті қоғамның бәрінде жұрт банктен несие алып, «айналдырады», қайтарады, сөйтіп алға жылжиды. Бәрі ашық, жария әрі қол жетімді. Мұны кез келген адам біледі.

Ілияс 1998-2007 жылдары Швейцарияда оқып, жақсы білім алды. Оқуын бітірген соң Швейцарияда бизнесін дамытты. Алған білімі мен ағылшын, француз тілдерін жетік білуінің арқасында бизнесте өзін еркін сезінеді. Бизнес жүргізудің еуропалық әдістерін меңгеру мен өз кәсібін ұйымдастырып, жүргізе білу қабілеті жемісін берді. Сондықтан менің баламда Назарбаевтың балаларындай ешқандай «сиқырлы таяқ» болған жоқ, жеткен табысы - таза еңбегі мен нарықта орны бар жақсы командасының арқасы.

Азаттық: - «Айыптаймын. Нұрсұлтан Назарбаевтың диктатурасы туралы» («Я обвиняю. О диктатуре Нурсултана Назарбаева») деген кітабыңызда Қазақстан президенті шетелдегі қарсыластарының сынын тойтару үшін халықаралық лоббистерін пайдаланады деп жаздыңыз. Франция, Англия және Италияның ықпалды саясаткерлерін атадыңыз. Олардың Астанамен ынтымақтастығының белгілері қандай, қолыңызда дәлелдеріңіз бар ма?

Виктор Храпунов: - Иә, 2013 жылдың соңында шыққан кітабымда Нұрсұлтан Назарбаевтың мақсатына жетуіне тікелей көмектесетін Еуропаның кейбір ықпалды адамдарын атадым.

2003 жылы Ләйла Қазақстан президентінен: «Шетел саясаткерлерінен кімдерді құрметтейсіз? Қазіргі саясаткерлердің ішінен кімді пір тұтар едіңіз?» деп сұраған еді.

Тони Блэр Астанадағы шетелдік инвесторлар кеңесінде сөйлеп отыр. 18 мамыр 2011 жыл.

Тони Блэр Астанадағы шетелдік инвесторлар кеңесінде сөйлеп отыр. 18 мамыр 2011 жыл.

Ол «досым, үйінде болып тұрамын» деп Тони Блэрді атады. Ол: «Бұл – өте қызық әрі ықпалы мықты адам. Мықты адамдармен дос болу керек. Бұл - кезінде Маргарет Тэтчер «лейбористердің ішіндегі ең сұмырайы» деп атаған Тони Блэр» деген еді.

Жаңаөзен мұнайшыларына оқ атқан кезде Назарбаевтың кеңесшісі болған Тони Блэр бірден Әблязовтің ісіне кірісіп кетті. Тони Блэрдің судья ағасы мен оның әріптесі «сотты құрметтемеу» бабын қолданып, Мұхтар Әблязовті 22 айға соттағанын айтсақ та жеткілікті.

Президент Назарбаев қатты құрметтейтін адамдарының бірі - Сильвио Берлускони. Алма Шалабаева мен оның кішкентай қызын Италиядан заңсыз ұрлап әкетер алдында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі апта бойы Берлускони мырзаның вилласында демалғанын жұрттың бәрі біледі. Берлускони ақпарат құралдары арқылы Италиядан адам ұрлауға «қатысы жоғын» мәлімдеуге асыққан.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG