Accessibility links

Жоғалған цезий контейнерін іздеу штабы құрылды


Радиоактивті зат салынған ыдыс. (Көрнекі сурет)

Радиоактивті зат салынған ыдыс. (Көрнекі сурет)

Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың тапсырмасы бойынша, облыс аумағында жоғалған радиоактивті цезий-137 заты салынған контейнерді іздестіру жөніндегі жедел штаб құрылды.

27 тамыз күні Орал қаласынан Маңғыстау облысына бара жатқан "КАМАЗ" жүк көлігінен цезий-137 радиоактивті заты салынған, биіктігі 30, диаметрі 20 сантиметр, салмағы 50-60 килограмм болатын контейнер жоғалған. Оқиға Сай Өтес ауылынан Шетпе ауылына дейінгі аралықта болған. Облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) "радиоактивті материалдармен жұмыс істеу ережесін бұзу" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Іздестіру жөніндегі штабты облыс әкімінің орынбасары Әнуар Шөжеғұлов басқарып, оның құрамына ІІД, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшылары, мамандар кірген. Контейнерді іздестіру жұмысына ішкі істер министрлігінің 6656 әскери бөлімі де жұмылдырылған.

Цезийдің жасанды радиоактивті изотобы саналатын цезий-137 материалы медицинада - рентгендік терапияда, өнеркәсіпте - өлшеу аппараттарын жасау үшін пайдаланылады. Қауіпсіздік шартын сақтамаса, цезий-137 қоршаған ортаға радиоактивті зиян келтіреді.

XS
SM
MD
LG