Accessibility links

БҰҰ бас хатшысы АҚШ журналисін өлтіруді айыптады


БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун "Ислам мемлекеті" ұйымы содырларының америкалық журналист Стивен Сотлоффты өлтіргенін айыптады.

3 қыркүйекте Жаңа Зеландияның Окленд университетінде сөйлеген Пан Ги Мун "Ислам мемлекеті" ұйымының адамды қатыгездікпен өлтіргенін көрдік. Мен журналисті өлтіруді тағы да қатаң айыптаймын. Бұл мүлдем адамшылыққа жатпайтын, адамзатқа қарсы қылмыс. Оны жасаған қылмыскерлер жауапқа тартылуы тиіс" деп мәлімдеді.

Сейсенбі күні "Ислам мемлекеті" ұйымы 2013 жылы Сирияда әлдекімдер ұрлап әкеткен америкалық 31 жастағы журналист Стивен Сотлоффтың басын кескені түсірілген видеоны интернетте таратқан.

Бейнежазбадағы көріністің шын екені расталса, Сотлофф Иракта исламшыл топтың қолынан қаза тапқан америкалық екінші журналист болуы мүмкін. 20 тамыз күні содырлардың тұтқынға алынған тағы бір журналист Джеймс Фоулидің басын алғаны түсірілген видео тараған. Онда пышақпен қаруланған содырлар Вашингтонды "егер АҚШ "Ислам мемлекеті" ұйымына қарсы әуе шабуылдарын тоқтатпаса келесі құрбан Сотлофф болуы мүмкін екенін" айтып, доқ көрсеткен еді.

Стивен Сотлофф "Time", "The National Interest", "Foreign Policy" басылымдарына жұмыс істеген. Өткен аптада журналистің анасы содырларды баласын босатуға шақырып үндеу жасаған.

XS
SM
MD
LG