Accessibility links

Цезий контейнерін тапқан адамға сыйақы тағайындалды


Маңғыстау облысындағы Ақтау-Атырау күре жолы. (Көрнекі сурет)

Маңғыстау облысындағы Ақтау-Атырау күре жолы. (Көрнекі сурет)

Маңғыстау облысында жоғалған радиоактивті цезий-137 материалы бар контейнерді тапқан адамға бір жарым миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындалды деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

27 тамыз күні Орал қаласынан Маңғыстау облысына бара жатқан "КАМАЗ" жүк көлігінен цезий-137 радиоактивті заты салынған, биіктігі 30, диаметрі 20 сантиметр, салмағы 50-60 килограмм болатын контейнер жоғалған. Оқиға Сай Өтес ауылынан Шетпе ауылына дейінгі аралықта болған. Облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) "радиоактивті материалдармен жұмыс істеу ережесін бұзу" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Ішкі істер министрлігі ұлттық гвардиясы 6656-әскери бөлімінің 70 әскери қызметкері Маңғыстау ауданының Шетпе ауылынан Бейнеу ауданының Опорный ауылына дейінгі 300 километрлік жолды сүзіп шыққан. Әкімдік тұрғындардан контейнерді тауып алған жағдайда оны ашпауды, бірден құқық қорғау органдарына хабарлауды сұрайды.

Цезийдің жасанды радиоактивті изотобы саналатын цезий-137 материалы медицинада - рентгендік терапияда, өнеркәсіпте - өлшеу аппараттарын жасау үшін пайдаланылады. Қауіпсіздік шартын сақтамаса, цезий-137 қоршаған ортаға радиоактивті зиян келтіреді.

XS
SM
MD
LG