Accessibility links

Минскіде Украинаға қатысты келіссөз өтеді


Украина президенті Петр Порошенко (сол жақта) мен НАТО бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен. Уэльс, Ұлыбритания, 4 қыркүйек 2014 жыл.
Украина президенті Петр Порошенко (сол жақта) мен НАТО бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен. Уэльс, Ұлыбритания, 4 қыркүйек 2014 жыл.

Бүгін, 5 қыркүйекте Минскіде Украина, Еуропа Одағы (ЕО) және Ресей өкілдерінің Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдайды реттеу жөніндегі үшжақты келіссөздері өтеді.

4 қыркүйекте Уэльсте өтіп жатқан НАТО саммитінде журналистер алдында сөйлеген Украина президенті Петр Порошенко бүгін жергілікті уақытпен сағат 14-те үшжақты делегация отырысы өтуі тиіс екенін айтты. Жиында Украинаның шығысында бейбіт жоспарды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жөніндегі құжатқа қол қойылмақ.

- Кездескен жағдайда мен бас штабқа екіжақты ұрысты тоқтату жөнінде бұйрық беремін. Содан кейін ғана біз бейбіт жоспар іске аса бастайды деп үміттенеміз, - деді Порошенко.

Өзін-өзі жариялаған "Донецк халық республикасын" басқаратын Александр Захарченко тек Минскідегі кездесуде Киев қақтығысты бейбіт реттеу жоспарына қол қойғанда ғана жақтастары атысты тоқтату шартын орындайтынын мәлімдеді.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин ұрысты тоқтату туралы жеті тармақтан тұратын бейбіт жоспарын ұсынған. Онда қақтығыс аймақтарына бақылаушыларды кіргізу, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек беру, сепаратистердің басып алған аймақтарды басқаруды жалғастыруы ұсынылған.

1 қыркүйекте Минскіде өткен кездесуге Мәскеу атынан Ресейдің Украинадағы елшісі Михаил Зурабов, украин жағынан Украинаның экс-президенті Леонид Кучма, ЕҚЫҰ жағынан Украинадағы жағдайды ретету мәселелері бойынша өкілі Адельхейд Тальявини қатысқан. Өзін-өзі жариялаған "Донецк халық республикасы" атынан бірінші вице-премьер Андрей Пургин, өзін-өзі жариялаған "Луганск халық респбуликасы" атынан сепаратистердің жетекшілерінің бірі Алексей Карякин қатысты.

XS
SM
MD
LG