Accessibility links

Табылған «Цезий-137» Қызылордаға жеткізілді


Радиоактивті" цезий-137" салынған темір контейнер. Сурет Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасынан алынls. 28 тамыз 2014 жыл.

Радиоактивті" цезий-137" салынған темір контейнер. Сурет Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасынан алынls. 28 тамыз 2014 жыл.

Маңғыстау облысында 27 тамызда жоғалған «Цезий-137» радиоактивті заты Қызылорда облысы Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылы маңынан табылғаны 6 қыркүйек таңертең хабарланған еді. Бірақ Қызылорда облысы ішкі істер департаменті өкілі Азаттық тілшісіне Батыс Қытай - Батыс Еуропа жолында, КамАЗ көлігінен табылған контейнердің «Цезий-137» ме, басқа ма - тексеріліп жатқанын айтқан.

Жергілікті уақытпен кешкі сағат жетілерде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық ішкі істер қызметкерлері «Табылған контейнерде белсенділігі 1.2х1010 Бк болатын «Цезий -137» бар екені расталды. Ол қазір Қызылорда қаласына жеткізілді. Контейнер ашылмаған, радиация көлемі қалыпты мөлшерден аспаған» деп хабарлады.

Ал Маңғыстау облысы әкімдігінің кешке таратқан мәлімдемесінде «КамАЗ жүргізушісінің цезийлі контейнерді Маңғыстау облысы аумағынан тауып алғаны» жазылған. Радиоактивті заттың қалай жоғалғаны әзірге мәлім емес. «Цезий -137» жоғалған соң Маңғыстауда құрылған арнайы штаб бастығы Әнуар Шөжеғұлов:

- Жедел тексеру шараларына байланысты кейбір жағдайлар ашық айтылмайды. КамАЗ туралы хабарлаған 1959 жылы туған Қызылорда облысының тұрғыны сыйақысын әлі алған жоқ, бірақ алады - деді.

Оның айтуынша, қазір бір ғана версия бар. Цезийдің жоғалуына тасымалдаушы компания өкілдерінің салақтығы себеп болған. Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті бастығы орынбасары Алдыриза Қуанышкереевтің мәлімдеуінше, «Контейнер иесі - «Казпромгеофизика» компаниясы басшылығынан бастап, іске қатысы бар екені анықталған тұлғалардың бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Айыптары дәлелденсе, 8 жылға сотталулары мүмкін».

Тамыздың 27-сі күні Бейнеу-Ақтау трассасында «Казпромгеофизика» көлігімен тасымалданып келе жатқан радиоактивті «Цезий-137» заты салынған контейнердің жоғалғаны хабарланды. Цезийлі контейнердің иесі - «Казпромгеофизика» компаниясы контейнерді тапқан адамға 1 миллион 500 мың теңге сыйақы тағайындаған еді.

XS
SM
MD
LG