Accessibility links

Шетпеде теміржолшылар наразылық білдірді


Шетпе ауданына кіре берісіндегі жазу. (Көрнекі сурет)
Шетпе ауданына кіре берісіндегі жазу. (Көрнекі сурет)

Маңғыстау облысындағы Шетпе ауылында "Маңғыстау жол дистанциясы" мекемесінің ондаған жұмысшысы басшылықтан бұрынғы жұмыс орындарында қалдыруды, еңбек жағдайын жақсартуды талап етті.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, 10 қыркүйекте теміржол бекетіне жиналған жұмысшылар қаңтар айынан бері жалақылары көбеймегеніне наразылық айтып, жыл сайын бір айлық көлемінде жалақы беруді, теміржолшылар күні және басқа да мейрамдарда сыйақылар төленуін талап еткен. Жұмысшылар өздері істеп келген мекемеден жаңа құрылғалы жатқан "Маңғыстау ірілендірілген жол дистанциясы" мекемесіне ауысуға қарсы екендерін айтқан.

"Басшылық талабымызды орындамай құтылу үшін жаңа мекемеге ауыстырамыз деп қысқартып жібереді деген күдігіміз бар" дейді жұмысшылар.

"Маңғыстау ірілендірілген жол дистанциясы" мекемесіне жаңадан директор болып тағайындалған Жарылғап Дүйсенбі жұмысшыларды "қайта-қайта үгіттеп жүре алмайтындарын" айтады. "Олар жаңа мекемеге ауысамыз десе ауысады, ауысқысы келмесе өздері біледі" деді директор.

Жұмысшылар талаптарының орындалғанын күтетінін, орындалмаған жағдайда наразылық шараларына көшетінін ескерткен.

XS
SM
MD
LG