Accessibility links

ШЫҰ елдері басшылары кездесті


ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшылары саммит кезінде. Душанбе, 12 қыркүйек 2014 жыл.
ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшылары саммит кезінде. Душанбе, 12 қыркүйек 2014 жыл.

Тәжікстан астанасы Душанбеде өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) саммитінің екінші күні ұйымға мүше Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары кездесті.

Қазақстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыс барысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "әлемдегі тұрақсыз геосаяси және геоэкономикалық ахуал жағдайында ШЫҰ үшін басымдығы бар міндет саналатын бірқатар өзекті мәселелер барын" айтқан.

Назарбаев негізгі мәселелердің бірі ретінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы шешілмеген шекара проблемаларын атаған. Ол сенім шараларын нығайтуды және шекара ауданында қарулы күштерді қысқартуды қарастыратын ШЫҰ-ның Шанхай және Мәскеу келісімдері сияқты негізгі құжаттарының ережелерін сақтаудың маңыздылығын айтқан.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ШЫҰ елдерін ұйым шектесетін аймақтарда, әсіресе экстремистер "Ислам халифатын" жариялаған Ирак пен Сирияда болып жатқан процестерді бақылауға шақырған.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Орталық Азия елдеріне діни экстремизмнің, террорлық топтардың кіру қаупі артып бара жатқанын айтып, "ШЫҰ елдері терроризм, экстремизм және есірткі тасымалынан туындайтын проблемаларды шешуге назар аудару керек" деді.

Саммиттің соңына қарай президенттердің жиынына ШЫҰ-ға бақылаушы ел деген мәртебесі бар Ауғанстан, Үндістан, Иран, Моңғолия және Пәкістанның жоғары шенді өкілдері қатысады. Жиында ұйымға жаңа мүшелерді қабылдаудың критерийлері қабылданады деп жоспарланған.

Саммитке арнайы шақырылған Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов те қатысып отыр.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков саммит соңында "Душанбе декларациясы" қабылданатынын айтқан. Онда ШЫҰ мемлекеттері басшыларын Украинада жедел тұрақтылық орнатуға шақыратын пункт те бар.

XS
SM
MD
LG