Accessibility links

ИМ британ азаматын өлтіргенін айтады


Дэвид Хэйнс. Facebook парақшасындағы суреті.
Дэвид Хэйнс. Facebook парақшасындағы суреті.

«Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары Ұлыбритания азаматы Дэвид Хэйнсті өлтіргені туралы видеоны интернетте жариялады. Онда бұдан бір жарым жылдай уақыт бұрын Сирияда ұрланған гуманитарлық ұйым қызметкері 44 жастағы Дэвид Хэйнске ұқсайтын адамның басын кескені көрсетілген.

Видеоның аяқ жағында содырлар кепілде ұстап отырған тағы бір британ азаматын көрсетіп, келесі жолы оны да өлтіретіндерін мәлімдеген. Ұлыбритания сыртқы істер министрлігі видеоны зерттеп жатқанын айтады. Ел премьер-министрі Дэвид Кэмерон видеодағы көріністі «еш қоспасыз зұлымдық актісі» деп атады. «Адам өлтіргендерді тауып, сотқа тарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз» деп мәлімдеді ол.

АҚШ президенті Барак Обама «Ислам мемлекеті» ұйымының адамды өлтіргенін айыптады. Қылмыскерлерді сот арқылы әділ жазаға тарту және америкалықтар мен өзге де елдердің азаматтарына төнген қауіп-қатерді сейілту үшін АҚШ басқа мемлекеттермен ынтымақтасып әрекет жасайды деп мәлімдеді ол.

Бұған дейін «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы 2 қыркүйекте АҚШ журналисі Стивен Сотлоффтың, 20 тамыз күні тағы бір америкалық журналист Джеймс Фоулидің қалай өлтірілгені жазылған видеоларды интернетте жариялаған еді.

XS
SM
MD
LG