Accessibility links

БҰҰ ҚК Эболамен күресті талқылайды


Либерия астанасы Монровия көшесінде Эбола дертінен қайтыс болған жанның денесін алып жатқан арнайы киімдегі адамдар. (Көрнекі сурет)

Либерия астанасы Монровия көшесінде Эбола дертінен қайтыс болған жанның денесін алып жатқан арнайы киімдегі адамдар. (Көрнекі сурет)

АҚШ Эбола індетіне байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді ұсынды. Бұл туралы БҰҰ-дағы АҚШ-тың тұрақты өкілі Саманта Пауэр хабарлады. Осы айда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету кезегі АҚШ-қа тиген еді.

Пауэрдің айтуынша, АҚШ БҰҰ-на мүше барлық елдерді Эбола дертіне қарсы пәрменді шаралар қабылдауға шақырған. Бұл індеттен қазірге дейін екі жарым мыңға жуық адам опат болған, құрбан болғандардың басым көпшілігі негізінен Африканың батысындағы үш мемлекет – Либерия, Сьерра-Леоне және Гвинея тұрғындары.

«Егер халықаралық қауымдастық індетке байланысты шұғыл шаралар қабылдамаса, Батыс Африка аймағы бір буынның жасындай мерзімге кері қалуы ықтимал» деп мәлімдеген Саманта Пауэр.

БҰҰ тарихында осымен екінші рет Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібі денсаулық мәселесіне арналып отыр. Алғаш рет 2000 жылы өткен отырысында БҰҰ ҚК адам иммунитетінің тапшылығы вирусымен күрес мәселесі талқыланған еді.

XS
SM
MD
LG